АҚ ҚОЗЫМ
Бар еді үйде ақ қойым,
Қызғанып көрсе қуатын.
Сирағы ұзын сақ қойым,
Жыл сайын егіз туатын.
Еншілеп інім екеуміз,
Туғаннан бөліп аламыз.
Ол кезде әлі көке біз,
Бес, алты жасар баламыз.
Көтеріп кейде сүйретіп,
Тойдырып нанға,сүзбеге.
Алушы ек тез-ақ үйретіп,
Болатын қызық бізге де.
Желпілдеп жең мен жағамыз,
Жазда да, күзде, көктемде.
Қырқада қозы бағамыз,
Ақ қозым ойнар бөктерде.
Өрісте қозы ішінде,
Аппақ-ау, түсін қарашы.
Құлағының ғана ұшында,
Болатын көздей қарасы,
Сирағы біраз ұзарып,
Бұлтиып шыққан құйрығы.
Бөкендей томпақ танауы,
Жеткізбес желдей жүйрігі.
Атқанды талай бұла таң,
Білмеппін істің байыбын.
Қонақ келгенін ұнатам,
Осы еді менің айыбым.
Мектептен келсем ақ қозым,
Мейманға сыйлы сойылған.
Алдында тұрды қонақтың.
Табаққа басы қойылған.
Моншақтар тамып көзімнен,
Дауыстай жаздап бекінгем.
Ең алғаш сонда мұңайып,
Қонақ келгеніне өкінгем.