15.10.2021
  143


Автор: Дәркен Танабаев

ҚЫСТАУ АТАНЫҢ АЙТҚАНЫ

Ата-баба шежіресін білмесең,
Көппен бірге ашық-жарқын күлмесең.
Ағайынның жайын сұрап кірмесең,
Еркекпін деп төсті соғып айтпа сен.
Жігіт үшін табылар сын әрқашан,
Тасын қалап бір шаңырақ салмасаң.
Той, қазаға көппен бірге бармасаң,
Еркекпін деп төсті соғып айтпа сен.
Өзегі бір ел жүрегін ұқпасаң,
Жұрт қайғысын өз қайғыңдай жұтпасаң.
Намыс үшін жекпе-жекке шықпасаң,
Еркекпін деп төсті соғып айтпа сен.
Еркекпін деп төсіңді құр қағасың,
Көрінгенге орынсыз мін тағасың.
Азулыға бәйек болып жағасың,
Еркек болсаң еркекпін деп айтпас ең.
Айналайын, сен де бекер егеспе,
Салмағыңды сала берме өңешке.
Еркек деген азамат пен дананың,
Ертедегі жабайы аты емес пе.





Пікір жазу