ТУҒАН КҮНІҢМЕН
Көрдің алғаш бүгін жарық әлемді,
Іңгәләған даусың әнге бөленді.
Сүтін емдің қосып ана үнімен.
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Тәй-тәй басып қадам жерден құлайсың,
«Апа», «Ата» дейсің мәме сұрайсың.
Мамалаған күнім балдай тіліңнен,
Бірге толдың балам,
туған күніңмен.
Жеті құлап мамық жердің бетіне,
Құлындайын тулап толдың жетіге.
Тайға мініп, құмар едің ертекке,
Жігіт болдың!барасың сен мектепке.
Бәйге атындай баптап шықтық түнімен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Мамырлаған әлем ойың өрісте,
Көңілің пәк, жаның нәзік періште.
Балауса өмір құрбы доспен ғажап- ақ,
Кәмелетке жеттің енді азамат.
Он сегізге келгенің бе шынымен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Жиырма беске толдың сөзің салмақты,
Аруларға жігіт салар қармақты.
Көк аспанға сиқыр сезім шарлатты,
Кеудеңдегі бақыт құсын сарнатты.
Құттықтаймыз!
сені ғашық гүліңмен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Өгіз болып өрге тартып арбаңды,
Жегілесің иыққа асып дорбаңды.
Бұзамын деп талпынасың ордаңды,
Қамшылайсың намыс атты жорғаңды.
Отыз көктем гүлдеп өткен жүзіңнен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Шыққаннан соң төбесіне қырқаның,
Ойланасың бала қамын, қыр қамын.
Алғаннан соң аздап өмір сабағын,
Байыптайсың үлкен, кіші қабағын.
Құрдастарың думандатып түнімен,
Құттықтайды сені
туған күніңмен.
Ердің жасы еңселеген елуде,
Тәңір жазар немерені көруге.
Өтер қызу қызметтің бабымен,
Той, қаза мен құдалықтың қамымен.
Ақ самай мен бас қасқалау бүлінген,
Құттықтайды сені туған күніңмен.
Асқаралы алпыс екен нар қасқаң,
Қара шашты өмір отап қар басқан.
Болмаған соң мына тірлік ойыңдай,
Шүкір дейсің бір құдайды мойындай.
«Ата»-дейді қариялықтың басы деп,
Пайғамбардың келген осы жасы деп.
Жарқырап бір тасып жатса дәулетің,
Құттықтайды
мерей тоймен әулетің.
Тағдыр салып кәрі әжім қолдарын,
Келбетіңе сызып кетер жолдарын.
Тісің түсіп жау шапқандай еліңді,
Уақыт шіркін бүгіп берер беліңді.
Ата, әже дейді күліп шөберең,
Жетпіс жаспен дейді,
сүйіп немерең.
Бергеннен соң сексен жастың сапарын,
Уақыт-өмір себер улы қаһарын.
Көргеннен соң сирегенін қатарың,
Сезінесің мына күннің батарын.
Тәңірі өзі жібергендей жазасын,
Көтере алмай дос, бауырдың қазасын.
Ұл, келінің жас баладай мәпелер,
Дәм бұйырып тоқсан келсе тозасың.
Жүзге бірақ мыңның бірі жетеді,
Ғасыр солай, өмір солай өтеді.
Айдай анық дүние жалған екені,
Шақырады мәңгіліктің мекені.
Ойламайсың бұл өмірден өтем деп,
Жатқаныңда мәңгілікті мекендеп.
Әулетіңмен, туған-туыс, бауырың,
Еске алады,
туған күні екен деп