ӨКІНІШ
Бес мезгіл сәті бақыттың,
Бағалап жатыр оны кім.
Ысырап болған уақыттың,
Толтырам қайтіп орынын.
Күнаһар болу кімге оңай,
Имансыз жаннан тән азды.
Керіліп жатқан күндер-ай,
Елемей таңғы намазды.
Жабылар жәннат есігі,
Болмаса бөгет еш тиым.
Қаза боп кеткен бесіні,
Күндердің құны бес тиын.
Сау басым дауға іліктің,
Шашылмас жерде шашылдым.
Асыр сап босқа жүріппін,
Уақытында Асрдың.
Ертерек мұны білгенде,
Құламас едім жыраға.
Күн батып Ақшам кіргенде,
Мен батып жүрдім күнаға.
Білмеймін кімге қырсығып,
Сайтанға жүрдім сыңар боп.
Құптанда қылмай құлшылық,
Қызыққа жүрдім құмар боп.
Нәпсімді ерте жеңгенде,
Жүрмес ем босқа секіріп.
Ораза айы келгенде,
Тойғаннан жүрдім кекіріп.
Той тойлап, таңды таңға ұрып,
Дертімнің таппай бір емін.
Қадір түнінде қаңғырып,
Қадірсіз болып жүр едім.
Түгендеп барлық жоғымды,
Әлекпен жүрдім әрдайым.
Тау-тасқа талай соғылды,
Сәждеден қашқан маңдайым.
Жүректе қазір маза жоқ,
Кеш ұқтым сөзін Құдайдың.
Намазы кеткен қаза боп,
Жылдарым үшін жылаймын.
Алдында жатқан көлденең,
Нәпсісін жеңген батырмын.
Өлімге барар жолменен,
Өмірде жүріп жатырмын.