Туындылар ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/image[2].jpg)
Қаздар мен қасқыр туралы балабақша ойыны
Бұл ойын жазда ашық алаңқайда ойналады. Алаңқайдың екі жағына екі дөңгелек сызылады: бірі – қаздар мен оның иесінің үйі, екіншісі – қасқырдың апаны болып саналады.
Алаңда қаздар жайылып жүреді. Бір кезде қаздардың иесі қаздарын шақыра бастайды:
– Қаздар, қаздар!
– Қия, қия!
– Қарындарың ашты ма?
– Ия, ия!
– Келіңдер күрке қасына,
– Қасқыр жүр қырқа астында.
– Қасқыр нені ойлайды?
– Азу тісін қайрайды.
Түрі жаман бөлек қой,
Ойы – бізді жемек қой.
– Онда жылдам басыңдар,
Үйге қарай қашыңдар!
Қаздар қаша бастайды да, қасқыр оларды қуа жөнеледі. Ұстаған қазды апанына қамай береді. Қаздарды түгел ұстаған кезде, қаздардың иесі қасқырды шақырып:
– Қасқыр, қасқыр, қаздар емес жемегің?
Табылады керегің.
Бері таман кел,
Сиырдың етін беремін, –
деп, таяқ лақтырады. Қасқыр таяққа қарай жүгірген кезде, қамаудағы қаздар апаннан қашып шығып, үйлеріне келіп тығылады. Осылайша басқа қасқырды белгілеп, ойынды 2-3 рет қайталауға болады.
Ойын балаларды ептілікке, батылдыққа, жылдамдыққа, икемділікке тәрбиелейді.