15.10.2021
  230


Автор: Абдрахман Асылбек

ШЕКЕМТАС ойындары

 


Бірінші түрі


Бұл ойынды кілем үстінде немесе аласа жалпақ стол үстінде ойнауға болады. 5-6 ойынға қатысушылар дөңгелене отырады да, біреуі ойынды бастайды. Оның оң қолында көлемі лобиядан үлкендеу бес домалақ тас болады.Ол қолындағы тастың біреуін жоғары лақтырып жібереді де, ол қайта оралғанға дейін, қолында қалған 4 тастың біреуін жерге қояды да, жоғарыға лақтырған тасын жерге түсірмей қағып алады. Осы ырғақпен ойыншы қоланда қалған 3 тастың тағы біреуін жерге қояды. Сөйтіп, төрт тасты түгел жерге қойып біткен соң, қолында қалған тасты тағы да жоғарыға лақтырып, ол оралғанша жердегі төрт тасты түгел жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей, қағып алады.


Келесі кезекте ойыншы қолындағы 4 тасты алдыңғы әдіспен енді жерге екі-екіден қойып шығады.


Үшінші кезекте ойыншы қолындағы 5 тастың 4 тасын бірден жерге қойп, алдымен бір-бірден, одан кейін екі-екіден жинап шығады.


Екінші түрі – үйшік


Бұл – алдыңғы шекемтас ойынының екінші түрі. Ойыншы енді екі қолын да пайдаланады. Сол қолын доға секілді иілген күйде жерге тіреп қояды. Оның бас бармағы мен сұқ қолы үйшіктің қақпасы ретінде керіліп тұрады. Ойыншы оң қолындағы тастарды алдыңғы ойындағы әдіспен жерге кезегімен қоя береді. Бірақ, бұл жолы оларды оң қолына жинамайды. Лақтырып жіберген тасы оралғанға шейін жердегі тастарды сол қолының ашық қақпасына алдымен бірден, одан кейін екіден кезегімен кіргізе береді.Толық жиналып болған соң, оң қолындағы соңғы тасын лақтырып, сол қолының астындағы тастарды оң қолына жинап, жоғарыдағы тасты жерге түсірмей қағып алады.


Осы сындардан сүрінбей өткен ойыншы жеңіске жетеді. Кімде-кім жаңылысып кетсе немесе тасты жерге түсіріп алса, ол ойыннан шығып қалады да, ойынды келесі ойыншы жалғастырады.


Ойын баланы ұқыптылыққа, сақтыққа, жылдамдыққа баулиды.





Пікір жазу