meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  14.10.2021
  755


Автор: Абдрахман Асылбек

Қуыр-қуыр, қуырмаш ойыны

 


Оң қолыңның бес саусағын бір жерге түйістіресің де, сол қолыңмен оны бүркемелеп, саусақтарыңның басын ғана көрсетіп, қапсыра ұстайсың да, досыңа:


– Ортан қолымды тапшы, – дейсің. Досың бастары ғана көрініп тұрған саусақтарыңа қарап:


– Мынау, – деп, бір саусағыңды шымшып ұстап тұрады. Егер ол ортан қолыңды дәл тапса, сен айып тартасың. Таба алмаса, айыты ол тартады. Бірақ, кім ұтса да, ұпай алу үшін, мына ережелерді жақсы білуі керек:


1. Бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін саусақтардың аттарын түгел атап шығады: бас бармақ, сұқ қол, ортан қол, аты жоқ қол, шынашақ.


2. Бұдан кейін саусақтарға: бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек, – деп, түгел ат қойып шығады.


Саусақтар қайта жұмылады. Содан соң мына сөздерді айтып, саусақтарды жаза бастайды:


– Сен тұр – қойыңа бар;


– Сен тұр – түйеңе бар;


– Сен тұр – жылқыңа бар;


– Сен тұр – сиырыңа бар;


– Ал, кішкентай бөбек,


Әлі жас екенсің, үйде қал, – деп, тұқырта ұстайды да:


Енді ұтқан бала шынашақты өз алақанының шұңқырына бүгіп,


Қуыр-қуыр, қуырмаш,


Балапанға бидай шаш.


Әкең келсе, есік аш,


Қасқыр келсе, мықтап бас, –


деп, шынашақты шыр айналдырып, ұтылған баланың алақанын қытықтайды. Одан кейін:


– Мына жерде қой бар, – деп, баланың білезігін түртеді.


– Мына жерде түйе бар, – деп, білегін түртеді.


– Мына жерде жылқы бар – деп, білектің жоғарғы жағын түртеді.


– Мына жерде түлкі бар, – деп, қолтығына таман барады да, тездете түседі:


– Мына жерде күлкі бар, – деп, қытықтай бастайды:


– Қытық-қытық, қытық!





Пікір жазу