14.10.2021
  218


Автор: Абдрахман Асылбек

Сұмырай хан

(Бір актілі трагедия)


Қатысушылар:
Ертегіші
Сұмырай хан
Райхан
Балалы ана
Жендеттер


І КӨРІНІС


Жұрт алдына мойнында асынған дорбасы бар ертегіші шығады. Ол сыбызғымен мұңлы күй ойнап, бір кезде дорбасынан хан бейнесіндегі қуыршақты суырып алады да, ертегісін бастап кетеді:


Ертегіші:
Ертеде бір хан бопты,
Жүрген жері лақ бопты.
Сұмырай екен есімі,
Айтқан сөзі заң бопты.
«Жақсы заттар елде жоқ
Тұрса екен тек менде боп», –
Деп ойлапты Сұмырай,
Дүниеге пенде боп.


Кімнің жақсы аты, кімнің асыл заты болса, тартып алып, қазынасына сала беріпті, сала беріпті. Сонда да көзі тойып, көңілі толмапты. Бір күні хан ауыл сыртына шығып, былай толғапты:


Сұмырай хан:
Елдің жиһаз бұйымын,
Не бір асыл киімін
Қалдырмастан еш емге,
Тартып алдым десем де,
Таусылмайды неліктен?
Бұл ғажапты көріп пе ең?
Небір жүйрік тұлпар да,
Небір ұшқыр сұңқар да,
Небір қыран қырағы
Елден тағы шығады.
Болсам дағы алып хан,
Кедей екем әлі де.
Табылады халықтан
Менде бардың бәрі де.
Қарғыс атқыр Құдайым,
Қандай амал қылайын?
Түк келмесе қолымнан,
Өз шашымды жұлайын


(Хан жата қап жер тепкілеп, өз шашын жұла бастайды. Басын жарға ұрады, ақыры жатып қалады. Бір кезде орнынан қайтадан атып тұрады)


Таптым, таптым амалын,
Қалайша тек қаламын?
Өзендер мен бұлақтар,
Жасыл желек құрақтар,
Теңізің мен көлшігің –
Бәрі менің меншігім.
Олай болса, халыққа
Су татқызбай қояйын.
Кім су алса арықтан,
Басын кесіп, жояйын...


ІІ КӨРІНІС


Декорацияда сусыраған дала, қолында баласы бар ана, өлімсіреген жапырақтар, зарлы әуен, көңілсіз көріністер.


Ертегіші:
Халық деген босып кетті,
Су таба алмай жосып кетті.
Құлазыған қу даладан
Аң мен құс та көшіп кетті.
Тартылған көл жағасында,
Тарыққан ел арасында
Сұлулығы ай мен күндей,
Адамгершілігі баршаға бірдей,
Он бұрым өрген шашы бар,
Әрі өжет, әрі шешен
Райхан деген қыз бар екен.
Халықтың көріп көз жасын,
Қатерге тігіп ез басын,
Сұмырай ханға бармақ болады.


(Ертегіші дорбасынан қыз бейнесіндегі қуыршақты суырып алады).


Райхан:
Сұмырай ханға барайын,
Бар өнерді салайын.
Он саусақты ойнатып,
Тіл семсерін бойлатып,
Айламенен шалайын.
Сескенбестен,
Өлімнің
Бетіне тік қарайын.
Құрбаны боп елімнің,
Қажетіне жарайын.


(Қыз ханға бет алады. Құйқылжыған әуен ойналып жатады. Алдынан ханның өзі шығады. Қыз ханға қамқа тон жабады).


Сұмырай хан:
Шын ырзамын, шеберім,
Қатты ұнап тұр әнерің.
Мұның үшін не тілек
Тілесең де беремін.
Ең әуелі өзіңе
Үш сұрақ бар қоятын.
Жауап қайтар тезінен
Менің көңілім тоятын.


Бірінші сұрақ: Әкем айтушы еді: «Алдыңнан қара мысық өтсе, жаман ырым», – деп. Кеше жардан қайтып келе жатқанымда, бір мысық жолымды кесіп өтті. Бұл қандай ырым болады?


Райхан: Тақсыр, мысықтың не алдыңнан, не артыңнан өткені ырым емес. Бірақ, тышқан үшін қорқынышты-ақ!


Сұмырай хан: Екінші сұрақ: өзің тігінші екенсің. Менің семіз екенімді көріп те отырсың. Маған қандай түсті киім жарасар еді деп білесің?


Райхан: Мысалы, қоянға ақ, қасқырға сұр, түлкіге қызыл, құндызға күрең түс жарасады. Ал, семізде шошқа семіз. Оның аласы да, қарасы да бола береді. «Байға тай мінсе де жараса береді» дегендей, ханға қара кисе де қонымды болар. Сондықтан, қалағаныңызды кие беріңіз.


Сұмырай хан: Соңғы сұрақ: «Ер адамның алдынан бос шелек көтерген әйел кездессе, жаман ырым» деуші еді әкем. Біраздан бері қайда барсам да, алдымнан бос шелек ұстаған әйелдер кездесетін болды. Ол қандай ырым?


Райхан: «Жаман адам ырымшыл, жаман жылқы арыншыл болады» деуші еді халық. Халық айтса қалып айтпайды, анық айтады, әкеңіз бұл жерде тауып айтқан екен. Елге су бермей, шелектерді қаңыратқан, қалың жұртты аңыратқан мына өзіңіз. Менің сізден бар тілегім – елге су беріңіз!


Сұмырай хан:
Халық мейлі қаталасын,
Су дегенді атамасын.
Қырылса да ел, мейлі,
Бір тамшы да бермеймін!


Райхан:
Сұмырай келсе, су құриды,
Көкорай шалғын ну құриды».
Сен нағыз сұмырай екенсің,
Бұл пейіліңмен қай мақсатқа жетерсің?


(Осы арада хан жынданып кете жаздап, қатты ашуланады.)


Сұмырай хан: Не деп тұрсың, оңбаған?! Жап аузыңды!


(Жендеттерін шақырады) Қайдасыңдар, жендеттер?


Мына оңбағанды жартасқа апарып таңып тастаңдар!


(Жендеттер Райханды жартасқа таңып тастайды. Қыз екі көзінен жас парлап ағып, жылай бастайды)


Райхан:
Тілекті бер, Құдайым,
Ағыл-тегіл жылайын
Парлап аққан көз жасым
Көлге айналсын лайым!


(Шынында да Райханның көз жасы бетін жуып, сарқырама өзенге айналып кетеді. Сол өзеннің жағасына ел келіп, суға қарық болып қалады. Талдарақтар қайта көктеп, құстар сайрай бастайды)


Ертегіші:
Ерте, ерте заманда
Сондай бір жан өтіпті.
Сұмырай хан табанда
Ғайып болып кетіпті.
Суға қанып құздағы,
Мұратына ел жетіпті.
Райхандай қыздарын
Шын мақтаныш етіпті.


(Шымылдық)





Пікір жазу