Туындылар ✍️
Көше қиылысында
(Бес көріністі шағын қойылым)
Қатысушылар:
Қоянбек – 3-сынып оқушысы
Сырым – Қоянбектің әкесі
Сәуле – Қоянбектің шешесі
Балтабай, Ерден – Қоянбектің сыныптыс достары
Сәрсенбек – мұғалім
Пашаев – көше тәртібін бақылаушы инспектор
Қарт, дәрігер, шофер секілді тағы да үш-төрт адам қатысады.
І КӨРІНІС
Сынып іші. Тақтада түрлі түсті көрнекі құралдар ілулі тұр. Мұғалім балаларға жол қозғалысының түсіндіріп жатады.
Сәрсен: Балалар, ғылым мен техниканың дамып, мәдениетіміздің шарықтаған шағында жолда жүру ережелерін білу – үлкен демей, кіші демей, әркімнің ең басты міндеті.
Балтабай: Ағай, егер білмесек қайтеміз?
Сәрсен: Білмесең – үйренесің, білсең – өзгелерге үйретесің.
Ерден: Мен жол қозғалысының ережелерін жақсы білемін. Өйткені, демалыс күндері папамның машинасымен қалада да, далада да көп қыдырамыз. Сонда папам маған жол қозғалысы ережелерін үнемі түсіндіріп отырады.
Қоянбек: Ағай, жалпы сол жол қозғалысы ережелерін жаттап, бас қатырудың қаншалықты қажеті бар?
Балтабай: Қоянбек дұрыс айтады. Одан да машина аз жүретін асфальтті жолда доп қуғанға не жетсін!
Сәрсен: Балалар, тынышталыңдар! Жаңа айттым ғой сендерге, керегі болсын, болмасын, жол қозғалысының ережелерін бес саусақтай білуге бәрің бірдей міндеттісіңдер. Өйткені, бізде көлік апаты болып тұрады ма? (Балаларға қарайды).
Ерден: Ондай апаттар болып тұрады. Анада көршіміздің алты жасқа келіп қалған баласын машина қағып, қатты жарақаттап кетті және сол машина басқа бір машинамен соғысып қалды.
Сәрсен: (Балаларға қарап). Ерденнің сөзін аңғардыңдар ма, балалар? Демек, біздің елдегі балалардың апатқа ұшырап, қатты жаралануы немесе өлімі аурудан не аштықтан емес, жол қозғалысының ережелерін сақтамағандықтан болады екен.
Қоянбек: Ағай, мәленки, мен папама велосипед алап бер деп едім. Ол жақында болатын менің туған күніме сыйлаймын деп уәде берді. Велесипед алған соң, алдымен айдауды жақсылап үйренемін. Содан соң бар ғой, асфальт жолға шығып алып, азынатамын келіп!
Сәрсен: Тоқта, тоқта, балақай! Азынатпас бұрын жол қозғалысының ережелерін жаттауың керек.
Қоянбек: Оның маған қаншалықты қажеті бар? Велосипедпен машиналардың ара-арасымен лып-лып етіп өтіп кетемін. Тіпті, болмай бара жатса, тротуарға шығып кетемін.
Сәрсен: Велосипед мінбек түгіл, жаяу жүрсең де жол қозғалысының ережелерін білуге тиіссің. Оны жақсы меңгергендерің жас инспекторлар тобына мүше болып қатысуларыңа болады.
Ерден: Ағай, жас инспекторлар тобына алдымен мені жаздырыңызшы (Мұндай тілек білдірген тағы да бірнеше бала қол көтереді. Мұғалім олардың тізімін жасайды да, сабағын әрмен қарай жалғастырады. Қоянбек сабаққа көңіл бөлмей, өзінше ойнап отырады).
Қоянбек: (Қасындағы Балтабайға сыбырлайды). Әй, Балтабай, папам велосипед алып берсе, үйренуге көмектесесің ғой?
Балтабай: (Ол да сыбырлай сөйлеп). Ол жағын қатырамын. Бірақ, мен велосипед алғанға дейін ара-тұра мінуге маған да бере тұрсаң жарар еді.
Қоянбек: Жарайды, екеуіміз жолдас емеспіз бе? Жолдасымнан еш нәрсемді де аямаймын.
Ерден: (Қоянбек пен Балтабайға ескерту жасайды). Тыныш отырсаңдаршы. Одан да мұғалімнің айтқанын ұғып алмайсыңдар ма?
Қоянбек: (Ызаланып). Сенің жұмысың қанша? Жайыңа отыр. (Осы кезде қоңырау соғылып, балалар улап-шулап сыртқа лап қояды).
ІІ КӨРІНІС
Қала орталығындағы үлкен гүлзар. Субүркектің айналасында бір топ бала ойнап жүреді. Орталарында Қоянбек пен Балтабай. Көше жақтан жетекке алған велосипеді бар Сырым мен Сәуле көрінеді. Өзара керілдесіп келеді.
Сәуле: Баланы жақсы көргенде осылай жақсы көре ме екен? Кит етсе болды, асты-үстіне түсіп, жаның қалмайды. Қылыш керек деп еді, алып бердің. Онымен көршінің баласының көзін шығарып жібере жаздап, бір бәледен әрең құтылдық. Доп керек деп еді, оны да алып бердің. Көшенің екі бетіндегі үйлерде сау терезе қалған жоқ. Талайдың қарғысын естіп, құлағымыз сарсып, айыбын тартып, қалтамыз қағылды. Бүгін велосипед керек деп еді, оны да алып отырсың. Енді қандай әлекке түсерімізді Аллам білсін?
Сырым: Жар дегенде жалғыз ұлым Қоянбектен немді аяйын?
Сәуле: Ал, әйтпесе, жалғызым деп есірте бер.
Сырым: (Ойнап жүрген балаларға дауыстап). Қоянбек, ау, Қоянбек! Мә, саған велосипед әкелдім. (Қоянбек пен Балтабай Сырымға қарай тұра жүгіреді. Қоянбек келе велосипедке жармасады).
Қоянбек: Папа, көп рахмет! Енді самғайтын боламын.
Сәуле: Абайла, қарағым. Біреуді қағып не машинаға ұрынып жүрме.
Қоянбек: Алдымен айдауды үйреніп алайын, содан соң ғой, жол бермейтін жүргіншілермен болсын жұмысым.
Сәуле: Тәйт әрі. «Тектек-тентек дегенге, бөркі қазандай боладының» кебін киме. Екі ортада машинаның астына өзің түсіп қаларсың.
Сырым: Баланың бетінен қақпа, Сәуле. Білгенін істесін, есі кірген тентек қой Қоянбек. (Баласына қарап) Ал, кәне, Балтабай екеуің үйрене беріңдер.
Балтабай: Сеніңіз, аға, мен енді Қоянбекке қатырып тұрып үйретемін. (Қоянбекке қарап). Отыр, Қояным!
Қоянбек: ( Велосипедтің рөлін қос қолдап ұтап алған, оны өзіне қарай қисайтып, оң аяғын көтере беріп, қайта тартып алады). Қорқамын...
Балтабай: Ой, сужүрек. Міне, былай отыру керек. (Велосипедті Қоянбектен жұлып алып, өзі қарғып міне берем дегенде, келесі жағына ауып түседі. Қоянбек те, алыстан бақылап тұрған Сырым мен Сәуле де шек-сілелері қата күледі).
Қоянбек: Бар бол, бар болғыр. Сен менен де өткен сорақы екенсің ғой. Қой, одан да өзім-ақ мінейін. Сен бір жағын сүйей тұр. (Балтабай велосипедтің екінші жағынан сүйеп, Қоянбекті отырғызады. Ол болса ары бір, бері бір ауып, алға қарай жылжи бастайды. Бұған екеуі бірдей қуанады).
Балтабай: Айттым ғой қатырамын деп. Енді екі-үш қадам жүрсең, өзің-ақ айдап кетесің.
Қоянбек: Жоқ, әлі біраз жерге дейін артымнан ұстап жүр (Екеуі қисаңдап жүріп, субүркекті бір айналып шығады).
Балтабай: Қоянбек, денеңді тік ұста! Аяғыңды жылдамырақ айналдыр. Міне, міне, енді дұрыс (Сөйтіп итеріп келе жатып қолын ақырындап велосипедтен босатады. Қоянбек мұны байқамайды. Бірақ, қалтаңдап өзі кетіп бара жатады).
Қоянбек: Балтабай, қолыңды ептеп қоя берші, өзім жүріп көрейін.
Балтабай: Мен қолымды бағана-ақ қоя бергем, қазір өзің кетіп бара жатырсың. Енді қорықпай зымырай бер.
Қоянбек: Оһо! Өзім-ақ айдай алады екенмін. Балтабай, қара да тұр енді! (Гүлзардағы субүркекті шыркөбелек айналып жүргенде, бір қартты қағып кетіп қалпақтай ұшырады. Анандай жерге жетіп, өзі де құлап түседі).
Қарт: (Орнынан әрең тұрып, қатты ренжулі күйде үсті-басын қағынады). О, пәтшағар, көзіңе қарап жүрсең қайтеді? Көше жетпегендей, гүлзарда сайраңдауың қалай?
Қоянбек: (Орнынан ауырсына тұрып, етек-жеңін қағынады). Ата, ешнәрсе етпейді. Зато мен де құладым ғой. Қайта, маған жол беруіңіз керек еді.
Қарт: Өзің сөзді ұқпайтын бала екенсің. Гүлзар шайтан арбаның жолы емес. Мұнда жұрт демелу үшін келеді.
Балтабай: (Сөзге араласады). Ата, біз де демалып жүрміз.
Қоянбек: (Балтабайды қоштап, демеу тапқанына қуанып кетеді). Иә, иә, демалып жүрміз. (Осы кезде қолында ала таяғы бар полиция киіміндегі көше тәртібін бақылаушы инспектор келіп қалады).
Пашаев: Кәне, балақай, бұл жерде не істеп жүрсің?
Қоянбек: (Сасқалақтап). Ағатай, жай демалып, ойнап жүр едік...
Пашаев: Мен саған ағатай емес, жол қозғалысын бақылаушы аға лейтенант жолдас Пашаев боламын.
Балтабай: Жолдас аға лейтенант Пашаев, біз демалып жүр едік...
Қоянбек: (Батылданып). Тап солай, демалып жүрміз.
Пашаев: (Қатқылдау кейіппен). Тап солай деп тақылдауын. Демалатын болсаңдар, бұл жерге жаяу келіңдер. Велосипедпен тек жолда ғана жүруге болады. Оның өзінде он төрт жасқа толған балаларға рұқсат етіледі. Ал, мына гүлзарда жол қозғалысы ережелерін сақтамағандықтарың үшін айып тартасыңдар.
Қоянбек: (Жасқаншақтап). Бізде ақша жоқ қой.
Пашаев: Сенде ақша жоқ болса, айыппұлды ата-анаң төлейді. Қазірше мына велосипедті мен алып кетемін (Папксын ашып, Қоянбекке бір қағазды ұстатады). Мә, мына түбіртек қағаз бойынша осында көрсетілген соманы кезкелген жинақ кассасына төлеп, велосипедті содан соң қалалық автоинспекция мекемесінен әкең барып алып кетеді.
Қоянбек: (Жыламсырап) Ағатай, тастап кетіңізші, енді бұл жерде ойнамайық.
Балтабай: (Қоянбекті түртіп қалады). Дәрежесін, атын дұрыс айтпайсың ба?
Қоянбек: (Содан кейін инспекторға қарап тағы жалынады). Жолдас инспектор аға лейтенант Пашаев, бұдан кейін тәртіп бұзбаймыз, бір жолға кешіріп, велосипедті қалдырып кетіңіз.
Пашаев: Болмайды. Сендер тәртіп қана бұзған жоқсыңдар. Қарт кісіні қағып кетіп, апат жасадыңдар (Инспектор кетеді. Екі бала аңырып қала береді).
ІІІ КӨРІНІС
Тағы да сол көрініс. Гүлзар. Ортада субүркек.Арғы жақта машиналар арылы-берілі ағылып жатқан үлкен көше. Қоянбек әндетіп, велосипедпен субуүркекті айналып жүр.
Қоянбек:
Менің атым Қоянбек,
Бірақ, қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім.
Желді қуып жетемін,
Велосипед мінгенім.
Қағып-соғып өтемін,
Жол бермесе кімде-кім.
Бос жіберіп қолымды,
Зырлата да аламын.
Бөгемеңдер жолымды,
Асығыстап барамын.
Велосипед – тұлпарым,
Басып озар «Вольваны».
Аспандағы сұңқарың,
Теңесе алмас ол дағы.
Менің атым Қоянбек,
Бірақ, қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім.
(Бір бұрыштан Балтабай шыға келеді)
Балтабай: Жарайсың, досым, жарайсың! Мына өлең, мына түріңмен Қырым асып кетерсің. Бірақ, байқа, абайламасаң, біреуді қағып кетуің ықтимал.
Қоянбек: (Велосипедтің жүрісін доғарып). Балтабай-ау, әлгі ала таяты Пашаев болмаса, басқасынан қорықпаймын.
Балтабай: Ол бұл маңда көрінбейді. Мені артыңа мінгестірші.
Қоянбек: Кел, міне ғой (әндете отырып екеуі субүркектен ұзап, жол жиегіне келіп қалады)
Менің атым Қоянбек,
Бірақ, қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім...
Балтабай: Жарайсың, Қояным! Велосипедті тіпті жақсы айдайтын болып алыпсың. Былайша айтқанда, мастерсің!
Қоянбек: (Лепіре түседі). Мені әлі көресің, велосипедшілірдің халықаралық жарысына қатысып, алтыннан алқа тағамын.
Балтабай: (Қоштап, қолпаштап қояды). Сөз жоқ, сөйтесің. Бірақ, біз бұл жерден шығып, ана машиналар жүріп жатқан үлкен жолға түссек қайтеді?
Қоянбек: Машина дегенің сеңдей соғысады. Біреуіне қақтығысып қаламын ба деп жүрексінемін.
Балтабай: Жол қозғалысы ережелерін жақсы білсең, бәле де жоқ.
Қоянбек: Әй, қойшы соны. Кітап кеміріп, бас қатыруға шыдамым жетпейді.
Балтабай: Пашаевтың қолына бір түссең, жол қозғалысы ережелерін тез-ақ түсінерсің (Олар әңгімелесе отырып, субүркектен ұзап, үлкен көшеге шығып кетеді. Бағдаршам істемегендіктен, көліктердің жол қиылысынан өтуін инспектор Пашаев қолындағы ала тағымен реттеп тұрады. Мұны көрген Қоянбек кілт тоқтайды).
Қоянбек:
Таяқшасы шошайып,
Бұрышта тұр Пашаев.
Түсінбеймін түгіне,
Бұл бәледен қашайық.
Балтабай: (Күліп). Мынауың жаттап алатын өлең екен. Өзің шығардың ба?
Қоянбек: (Көтеріліп қалады). Жаның қысылса, сен де ақын болып кетерсің.
Балтабай: Инспектордың таяғымен жасаған қимылын шынымен-ақ түсінбейсің бе?
Қоянбек: Рас айтам.
Қастарына Ерден келіп қалады
Ерден: Халдерің жақсы ма? Велосипед алғалы бері қарамайтын болып кеттіңдер ғой тегі.
Қоянбек: Бірде үйренеміз деп, енді бірде инспектордан қашамыз деп-ақ әурленіп жүргеніміз.
Ерден: (Таңданып) Инспектордан неге қашасыңдар?
Балтабай: (Қоянбекті нұсқайды). Мына көжебасқыр Қоянбек инспектордың таяғымен жасаған қимылдарын түсінбейді.
Балтабай: Анада мұғалім мектепте жол қозғалысы ережелерін жақсылап түсіндірген еді ғой.
Қоянбек: Сонда көңіл бөлді дейсің бе? Қателегім шекеме енді тиіп тұр.
Ерден: Онда өз обалың өзіңе. Бірақ, мен түсіндіріп берейін, құлағыңа құйып ал. Егер инспектор таяғын төмен түсіріп, саған қарап не арқасымен тұрса, онда сенің жүруге де, жан-жаққа бұрылуға да қақың жоқ. Егер инспектор таяғын алға созып, саған бір қырымен тұрса, онда сенің тура жүруіңе және солға бұрылуыңа болады. Инспектор саған қарап, таяғын алға созып тұрған жағдайда, оңға бұрыла аласың. Инспектор таяғын түсіріп, саған сол иығымен тұрса, онда тік жүруіңе және оңға бұрылуыңа болады. Ұқтың ба? Енді ұмытпайтын бол.
Қоянбек: Ұғуын ұққандаймын. Бірақ, инспекторды көргенде, құтым қашып, не істерімді білмей қаламын.
Осы кезде жолаушылардың бірі балаларға ескерту жасайды
Жүргінші: Қарақтарым, жаяулар жүретін жағалау жолда велосипедпен жүруге болмайды. Жол қозғалысы ережелерін білмесеңдер, аман-сауларыңда үйлеріңе қайта қойыңдар.
Қоянбек: (Балтабайға қарап). Шынында, қайтсақ қайтайық.
Таяқшасы шошайып,
Бұрышта тұр Пашаев.
Түсінбеймін түгіне,
Бұл бәледен қашайық.
Велосипедке Балтабайды мінгестіріп алып, екеуі кері қайтады.
ІV КӨРІНІС
Тағы да сол көрініс. Гүлзар. Ортада субүркек. Аржағында үлкен көше. Велосипедтің артына көлденең байлап алған қармағы бар Қоянбек екі қолын рөлден бос жіберіп, субүркекті айналып, әндетіп келе жатады:
Менің атым Қоянбек,
Бірақ, қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім.
Желді қуып жетемін,
Велосипед мінгенім.
Қағып-соғып өтемін,
Жол бермесе кімде-кім.
Бос жіберіп қолымды,
Зырлата да аламын.
Бөгемеңдер жолымды,
Асығыстап барамын.
Велосипед – тұлпарым,
Басып озар «Вольваны».
Аспандағы сұңқарың,
Теңесе алмас ол дағы.
Бағдаршамың сөз бе екен:
Қызыл, жасыл, сарысы.
Күтіп тұрар кез бе екен,
Маған бірдей бәрісі.
Менің атым Қоянбек,
Бірақ, қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім.
Осылайша әндетіп келе жатып, үлкен жолға шығып кетеді. Күтіп тұрған машиналарға, жанып тұрған бағдаршамға қарамастан, Қоянбек көше қиылысынан өте береді. Келесі бұрыштан шыға келген машинаның біріне соқтығысып қала жаздайды. Машинаның жүргізушісі кабинадан басын шығарып, Қоянбекке жұдырығын түйеді. Мұны көріп қалған инспектор Пашаев тәртіп бұзушыға тоқта деген белгімен ысқырып қалады. Қоянбек тыңдамай, қаша жөнеледі. Пашаев тез мотоцикліне ұмтылады. Осы кезде көлденең көшеден шыққан машинаға соқтығысып, Қоянбек доңғалақтың астына түседі. Жеңіл машина табанда тоқтап, жүргізушісі жан дауысы шығып жатқан Қоянбектің қасына жетіп барады. Осы екі ортада жұрт та жиналып қалады.
Қоянбек: (Орнынан қозғала алмай). Ойбай, аяғым-ай! Ойбай, аяғым-ай!
Жүргінші: (Абыржып). Қарағым-ай, бағдаршамға қарамай, сонша неге асығып ең?
Қоянбек: Ойбай, аяғым-ай! Балық аулауға бара жатыр едім. Ойбай, аяғым-ай!
Пашаев: (Мотоциклінен асығыс түсе жүгіріп жетеді) Тағы да сенбісің? Өзің екенсің ғой жол қозғалысы ережелерін бұзып жүрген. Міне, мына апат – соның салдары. Біріншіден, велосипедке қармақты ұзынынан байлаудың орнынан көлденең қыстыра салғансың. Бұл ережеге сай емес пе? Сай емес. Екіншіден, велосипедпен көшенің ортасымен емес, шетімен жүруге тиіс едің. Сен олай етпедің. Үшіншіден, бағдаршамға қарамадың. Жасыл жарықтың орнына қызыл жарыққа жүріп кеттің. Төртіншіден, инспектор тоқта деп белгі бергенде, тоқтамадың. Сонымен, апаттың негізгі айыпкері өзіңсің.
Қоянбек: Бағдаршамы құрысын. Ойбай, аяғым-ай!
(Жедел жәрдем машинасының дабылы естіліп, Қоянбектің қасына ақ желеңді дәрігер келеді).
Әсия: (Азап шегуші Қоянбектің аяғын сипап көреді).
Балақай, мына жерің ауыра ма?
Қоянбек: Ауырады. Ойбай, аяғым-ай!
Әсия: (Инспекторға қарап). Сол аяғы сынған. Тездеп ауруханаға жеткізу керек. (Қоянбекті зембілге салып, екі адам жедел жәрдем машинасыныа алып кетеді. Ол ойбайлап бара жатады).
Қоянбек: Ойбай, аяғым-ай! Ойбай, аяғым-ай!
Машинаның гүрілдеп қозғалған дауысы естіледі.
Жұрт тарқай бастайды.
V КӨРІНІС
Гүлзарлы аурухана ауласы. Қазақтың киіз үйіне ұқсас дөңгелете соғылған әдемі қалқаншаның ішінде балдақты Қоянбек отырады.
Менің атым Қоянбек,
Нағыз қоян екенмін.
Сөз тыңдамай қоям деп,
Өткізіппін бекер күн.
Ақыл айтқан кісіні
Түсінбедім, ұқпадым.
Бос мақтанмен ісініп,
Өзіме өзім құптадым.
Желдей есіп қарқыным,
Жол үстінде гуледім.
Пашаевтың тәртібін
Құлағыма ілмедім.
Ақырында аптығып,
Абай болар сағатта,
Машинаға қақтығып,
Ұшырадым апатқа.
Енді осыдан емделіп,
Шығар болсам қайтадан,
Ережені меңгеріп,
Сол есемді қайтарам.
Қолында балмұздақ және бір шоқ гүлі бар Ерден гүлден гүлді тасалап, Қоянбектің қасынан бір-ақ шығады.
Ерден: Ау, Қоянбек, аманбысың? Қалай, аяқ түзелді ме?
Қоянбек: (Бір жағынан абыржып, бір жағынан қуанып қалады). Ерденбісің? Құстай ұшып келгенбісің?
Ерден: Өлеңдетіп сөйлейтін болғанбысың?
Қоянбек: Иә, мына жерде жатып, ішім пысады. Сонысын ептеп өлең жазамын, кітап оқимын.
Ерден: (Салмақпен) Қоянбек, жалпы сен ессіз бала емессің. Бірақ, сәл еркелік жасайсың. Міне, енді дұрыс жолға түскенсің.
Қоянбек: (Әзілдеп). Аяғым сауда адасып, аяғым сынғанда тура жол тапқаным ба?
Ерден: (Ыңғайсызданып қалады). Сен олай түсінбе. Амандық болса, аяғың тез-ақ жазылады. Әңгіме аяқпен емес, ақылмен жүруде. «Ақымақ бас аяққа дамыл таптырмас» дегенді естіп пе едің? Апаттан кейін сен ақылға көше бастадың. Тура жолға түстің деп соны айтамын.
(Қолындағы балмұздақ пен гүл шоғын ұсынады).
Қоянбек: (Гүлді иіскелейді). Қандай тамаша! Рахмет, Ерден. Бәрін де түсіндім. Бірақ, сныптас достарымды қатты сағындым. Олар мені ұмытып кеткен жоқ па? Өзің неге жалғыз келдің?
Ерден: Пәллі! Сол да сөз болып па? Сыныпта сағат сайын сені еске алып отырамыз. Мына мен саған солардың атынан келіп отырған жоқпын ба? Бүгін біздің сынып оқушылары экскурсияға бармақшы еді. Мені олар әдейі қалдырып, саған жіберді.
Қоянбек: Тағы да рахмет!
Осы кезде дәрігер Әсиямен әңгімелесіп келе жатқан Сырым мен Сәуле Қоянбекті құшып, кезек-кезек бтінен сүйеді.
Сырым: Айналаайын, жарығым! Аяғың жазылайын деді ме? Кешегіден қалай?
Әсия: (Қоянбектің ата-анасына қарап). Сіздер онша уайымдай бермеңіздер. Аяғы біраз бітіп қалды. Амандық болса, алдағы аптада балдақсыз-ақ аяғын басып қалар. Бірақ, өте сақ болу керек. Қанша айтқанымен, ойын баласы ғой, жүгіремін деп жүріп сүрініп кетсе, қиынға соғады.
Қоянбек: Тағы да велосипед айдайтын боламын ба?
Әсия: Әрине, айдайтын боласың.
Сырым: (Баласын айналып-толғанып). Айналайын, жазылып шыққан соң, велосипед түгілі мотоцикл алып беремін.
Сәуле: (Күйеуіне ренжіп). Сөйтеді енді бұл. Аяқты қойып, қабырғасын қиратсын дейсің бе? (Бұларға жақын орындықта газет оқып отырған қарт сөзге араласады).
Қарт: (Сырымға қарап). Інім, мртоцикл де алып беруге болар. Бірақ, мынау есіңнен шықпасын: баланы тым еркелете бермеу керек. Оның орнына дұрыс тәрбие беріп, жол қозғалысы ережелерін жақсылап үйреткен жөн. Балалардың кездейсоқ апатқа ұшырауына көбіне-көп ата-аналары кінәлі.
Сәуле: (Күйеуіне қарап). Ақсақал өте дұрыс айтады. Жалғызым, жалғызым деп, Қоянбекті есіртіп алған өзіңсің.
Қарт: Жалғыз бала жалғыз сенде ме? Қайта, сол жалғыз баланы жалғызсыратпай, көпшілікпен бірге жұмыс істейтіндей көпшіл етіп өсіру керек.
Пашаев пен Балтабай келеді.
Пашаев: (Сырыммен сәлемдеседі). Сәлеметсіз бе? (Қоянбекке жылы жүзбен күле қарайды). Аяқ қалай, тентек?
Қоянбек: (Ұялыңқырап). Аяқ па, аяқ ептеп жазылып қалды.
Пашаев: (Сырымға қарап). Ағасы, осының бәрі өзіңізден. Ертерек ескергенде, алдын алғанда, апаттың болмауы мүмкін еді.
Сырым: (Ойланып қалады). Кешіріңіз, жолдас инспектор. Айып өзімнен екен. Анада велосипедін алып қойған кезде-ақ қатты ескерткен едіңіз. Сонда сақ болу керек еді.
Пашаев: Оқасы жоқ, келесі кезекте мұнысы жақсы сабақ болады
Балтабай: Жолдас инспектор, аға лейтенант Пашаев, сіз бізге ренжімеңіз. Сіздің ағалық қамқорлығыңызды қаталдық деп түсініп, кезінде сіз туралы әзіл өлең де шығарып едік.
Пашаев: (Елеңдеп). Оны естімеп едім. Кәне, айтып жіберші, балақай.
Балтабай: (Қоянбекке қарап). Айтсаңшы!
Қоянбек: (Қызарып кетеді). Әшейін айтады, ұмытып қалыппын.
Қоянбек: Ұялмай-ақ қой, мен ренжімеймін.
Балтабай: (Пашаевқа қарап). Шынында Қоянбек қысылып тұр. Оны мен-ақ айтып жіберейін:
Таяқшасы шошайып,
Бұрышта тұр Пашаев.
Түсінбеймін түгіне,
Бұл бәледен қашайық.
(Барлығы да күледі)
Пашаев: (Қоянбекке қарап). Ережені білмегенмен, өлеңім жақсы екен.
Балтабай: Жолдас инспектор аға лейтенант Пашаев, айта берсеңіз, Қоянбекті нағыз ақын деуге де болады. Жол қозғалысы ережелері жайында жазған өлеңдері жеткілікті.
Қоянбек: (Қысылыңқырап). Жәй, ерігіп жатқанда жазылған өлңдер ғой.
Пашаев: Жол қозғалысының ережелері еріккеннің ермегі емес. Оны өзің де түсінген боларсың. Ал, ол жайында жазылған өлеңдерің болса, газет, журналдарға бер. Басқа балалар үлгі алсын.
Ерден: (Қоянбекке қарап). Оның несіне ұяласың? Өлең көрінгеннің қолынан келе бермейді. Жазғаныңды жасырма. Алдымен өзіміздің қабырға газетімізге басайық. Содан кейін басқа жаққа да бере жатарсың.
Қоянбек: Алдымен жазылып шығайын.
Әсия: Қоянбек, енді көп жатпассың, аз күнде мектебіңе ораласың.
Қоянбек: (Салмақтана Пашаевқа қарап). Кешіріңіз, бәріне айыпты өзіммін. Анада бір жағы сіздің тоқта дегеніңізге тоқтамай қашамын деп... байқамай машинаға қақтығысып қалдым. Бұдан былай жол қозғалысы ережелерін жақсы білмей, жолға шықпаймын деп уәде беремін.
Пашаев: Міне, жөнге енді келдің. Жол қозғалысы ережелерін қалтқысыз қадағалау – кімнің де болса міндеті.
Ауруханаға көңіл сұрап келушілер тезірек жазылып шығуға тілектерін білдіріп, Қоянбекпен қоштасады.
(Шымылдық)