14.10.2021
  245


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Әйел

Кірпігіме күллі ғалам ілулі...
Сен үйреттің көкке қарап ұлуды.
Үйретпедің қалай, қайтіп күлуді,
Мен ұмыттым жылауды әм жылуды.
Тәнім үшін таласқандар, жан үшін
Тартыспады. Тірі азапкер намысым.
Бекер мені тыңдадың-ау,
(шашы ұзын, ақылы кем...)
Адам-Ата — арысым!
Жердің шарын доп еткендер тепкілеп,
Қос алмама қол созғанда ептірек.
Бар әйелді көкке әкетсе Жаратқан,
Ал, қайтесің “Зауал сәті жетті" деп.
Қабырғаңа қарайсың ба, олардың
Зауалына арашашы болар кім?
Сауабында сен жатқанда ләззаттың,
Отын жағып мен отырам обалдың.
Белдемшемді белімдегі шешем мен,
Нақақ күйіп, нақақ жаным неше өлген
Кеудеңдегі мың айлалы ібіліс
Бақыт тапса нәпсі дейтін кеселден.
Ей, ғаламның, ей, Адамның жесірі,
Перзентіңнің есімі кім, есімі?
Есі бүтін еркектерге сор болды
Мен жасаған бір күнәнің кесірі.




Пікір жазу