ДІНИ САРЫН
Намаз оқып қосылдым жамағатқа,
Көңілімді көндіріп қанағатқа.
Адам біткен жұмаққа кірер еді,
Адалдықпен қараса аманатқа.
Ібіліс ілестіріп қастарына,
Өзгерді кәрісі де, жастары да.
Ел болдық мұнайы көп, құдайы жоқ,
Онсыз да аз емес еді басқа күнә.
Қандай ед қариялар баяғыда,
Солардың қалмапты ғой таяғы да.
Қыз көрсе қутындайтын бүгінгілер,
Алла деп алақанын жаяды ма?
Басына сәлде тағу былай тұрсын,
Шылғауды тарта алмайды аяғына.
Шалдар көп бес уақытын қаза қылған,
Құдайдың құр қап жүрген ғажабынан.
Олжалы болған жандай мәз болады,
Біреудің сорпа ішсе қазанынан.
Сәждеге бас қоюға асықпайды,
Хабаршы кеп жеткенмен ажалынан.
Арақпен ақыл айтар ауызын ластап,
Шайтанның шаттық тапқан базарынан.
Ауызша «мұсылманмын» дегенімен,
Ісімен келтіріп жүр таза күмән.
Астан соң «Аллаһу әкбар!» деген үшін,
Алланың құтылмаспыз азабынан.
Бес парыз болғаннан соң Хақ талабы,
Намаздан әрбір пенде бақ табады.
Құранның құнын білмес құдайсыздар,
Құр босқа кеуде керіп мақтанады.
Намазды қартайған соң оқимын деп,
Қонаққа баратындай баптанады.
Таяғын ұстар жасқа жеткеннен соң,
Аяғым қақсайды деп ақталады.
Тоқсанда тоңқаятын жайым жоқ деп,
Жағаңа жармасуға шақ қалады.
Бүгінде бүгілмейтін сол пенделер,
Түбінде түпсіз жерге аттанады.
Жиғаны, сыйларымен артта қалып,
Иманын жолдас қылып ап барады.
Сол кезде көрге түсіп қос періште,
Күнәң мен сауабыңды ақтарады.
Бұл күннен құтыла алмас ешкім қашып,
Дәм бітсе патшадан да тақ қалады.
О жақтың қамын ерте жасамаған,
Тозақтың жалынына қақталады.
Оқыған намазың мен оразаңыз,
Азаптан арашалап ап қалады.
Ауызбен айтқан аят еске түспес,
Жүректің болмаса егер жаттағаны.
Осының бәрін ойлап ашынамыз,
Ақыры шыдай-шыдай басыламыз.
Алла мен аруақты қатар қойып,
Келмеске кеткендерге бас ұрамыз.
Құдайды қарғап-сілеп кісі өлсе,
Өзіміз жаратқандай тасынамыз.
Зорға деп үш күннен соң улап-шулап,
Қара жер қойынына жасырамыз.
Мал сойып, келгендерге шапан жауып,
Той жасап жатқан жандай шашыламыз.
Көршіміз екі метр мата берсе,
Қалыспай үшеу қылып асырамыз.
Мәрмәрдан тас қашатып шеберлерге,
Алтын ай орнатамыз басына біз.
Егерде қарамасақ күтімменен,
Имансыз бүлінеді бүтін денең.
Күшіміз жеткенімен қарекетсіз,
Ісіміз көбеюде бітірмеген.
Жеңіске жетер едік бұл күндері,
Күрессек кәпір емес, күпірменен.
Гүліміз бақшадағы солмас еді,
Күніміз өтсе тәубе, шүкірменен.
Жүгіміз жеңілдер ед арқалаған,
Түніміз өтсе егер зікірменен.
Басыңа түссе дағы тонна қайғы,
Шын құлдың аспанын бұлт торламайды.
Сәулесіз жерде жылу болмағандай,
Тәубесіз басыңа бақ орнамайды.
Жаңылып басқалардай тәубеңізден,
Табынып аруаққа болма қайғы.
Бақилық болып кеткен бабаларың,
Біздерге бақ пен дәулет жолдамайды.
Өзі үшін жауап берер өлген жандар,
Тіріні түрлі апаттан қорғамайды.
Мал-жанын аруаққа тапсырғаннын,
Жан-жағын сауап емес, сор қамайды.
Тапсырып тірі кезде қояйыншы,
Мен өлсем қайғыруға ел жарайды.
Құр босқа құлағымды шулатпаңдар,
Ешкімді аруағым қолдамайды.
Шығарып салт-дәстүрді ел есінен,
Ғасырдың асты уақыт белесінен.
Жастарға ақыл айтар ақсақалдың,
Бұл күнде мән қалмады кеңесінен.
Қағылған ағашыңда айып бар ма,
Кемшілік кетіп жатса шегесінен.
Арақ ішіп, сыраны сімірген жұрт,
Шайтанның мерт болуда жебесінен.
Бұл арақ адамзатты аздыруда,
Құлынды айырғандай енесінен.
Ағайын есіңді ерте жинамасаң,
Ел ертең айырылар егесінен.
Өзіміз түзелмесек өзге біреу,
Оқ атса қалқан болмас денесімен.
Арақтың топанынан құтқаруға,
Пайғамбар келмес бізге кемесімен.
Адалдық беріп АЛЛА асымызға,
Амандық берсе екен басымызға.
Ілініп Ібілістің қармағына,
Бүліндік кәріміз де, жасымыз да.
Жарты миллион қандасым дінін сатып,
Ұлтымның тірелуде басы құзға.
Ақша үшін Құдайын айырбастап,
Ұл-қызың табынып жүр тасымызға.
Сектада секеңдеген балаларың,
Қартайсаң қалқан болмас қасыңызда.
Ағайын ұл-қызыңды сақтаңыздар,
Ертең күлкі етпесін досыңызға.
Өлгенде молда емес, поп шақырып,
Крест орнатып жүрмесін басыңызға.
Халқымның халін кімдер ұғып жатыр,
Соны ойлап ішімде мұң ұлып жатыр.
Есігін айқара ашқан елімізде,
Секталар неше түрлі тұрып жатыр.
Қойдан момын қазағым үн шығармай,
Бәріне басын шұлғып тынып жатыр.
Кришнаит, иогова, баптистер кеп,
Батысқа бағытыңды бұрып жатыр.
Ұлың менен қызыңды шоқындырып,
Имансыздар суыңды сығып жатыр.
Ол аздай «ата жолы» деген шығып,
Ордасын әр тарапқа құрып жатыр.
Елім-ау есіңді ерте жинамасаң,
Төбеңнен әркім келіп ұрып жатыр.
Бабамыз құрып кеткен шаңырақтың,
Уығы оқ тимей-ақ сынып жатыр.
Сыймасаң шариғаттың шеңберіне,
Береке бермес АЛЛА бергеніне.
Жаратқан үйленуді бұйырыпты,
Мұсылманның әйел мен ерлеріне.
Үмметімнің көптігімен мақтанам деп,
Пайғамбар(с.ғ.с) сөз қалдырған зерделіге.
Көбейтсек Пайғамбардың(с.ғ.с) үмметтерін,
Таршылық ете қоймас жерлеріңе.
Ал қазір бір баладан асырмайды,
Ауыр жүк түсетіндей белдеріне.
Тәңірім қабыл етіп әр адамға,
Бес ұл мен бес қыз берсін ең кемінде.
Бумаймыз белімізді неге бекем,
Қанағат аз да болсын керек екен.
Оразаң ұстаған жан қабыл болсын,
Осы ай өзге айдан ерек екен.
Бұл айда Құдай деген құлдың бәрі,
Еселеп мол сауапты тереді екен.
Сыйлық етіп жіберген қасиетті ай,
Күнәңнан құтылудың себебі екен.
Осы айда шайтандар кісенделіп,
Есігіңе береке енеді екен.
Иманы жиғанынан биік тұрса,
Нәпсісін адамизат жеңеді екен.
Мұндайлардың жегісі келген асын,
Жәннәтта жайластырып береді екен.
Ораза ұстамаған адам қор боп,
Басына қонған бағын тебеді екен.
Ондайлар жаһанамда зинақор мен,
Маскүнемнен артық азап шегеді екен.
АЛЛАның рахымына айырбастап,
Бұдан соң тамақ ішкің келе ме екен.
Бұл айды бәрі күтіп асығады,
Өйткені рахман нұры шашылады.
Аспаннан жерге түсіп періштелер,
Жаратқан Раббысына бас ұрады.
Тілегін құлдарының қабыл етіп,
Күнәңді Құдай өзі жасырады.
Жабылып жаһанамның қақпалары,
Сегіз жұмақ есігі ашылады.
Осы айда жасаған құлшылығың,
Қасыңнан бар пәлені қашырады.
Отыз күн ұстап жүрген оразаңның,
Сауабын отыз есе асырады.
Рамазан рахымы мол бір ай екен,
Осы ай Раббымызға ұнайды екен.
Отыз күн оразамен Жаппар Ием,
Нәпсісін құлдарының сынайды екен.
Әмірін Тәңірінің екі етпей,
Иманы берік адам шыдайды екен.
Жолына Жаратқанның түспегендер,
Орына жаһанамның құлайды екен.
Тергейтін періштелер алдыменен,
Намаз бен оразаңды сұрайды екен.
Рамазан айы бітсе қимастықпен,
Егіліп сахабалар жылайды екен.
Іргесі халық едік бөлінбеген,
Бұл күнде әркім кетті жөніменен.
Тәнімізде жанымыз мәңгі тұрмас,
Бәрімізге келеді өлім деген.
Сондықтан намаз оқы, ораза тұт,
Зекет бер, қажыға бар көңілменен.
Ертерек ес жимасақ ертең ғана,
Өтеді қас қағымда өмір деген.
Қосылып жамағатпен жығылмасаң,
Көсіліп жата алмайсың көріңде кең.
Болса егер бойымызда сенім ізгі,
Шайтан кеп бұза алмайды шебімізді.
Мизамның таразысы ахиретте,
Салмақтар артық пенен кеміңізді.
Мың ісің сізге пайда әпермейді,
Дін үшін төкпесеңіз теріңізді.
Еш уақыт Жаппар Ием жарылқамас,
Бес уақыт бүкпесек белімізді.
Тоқ кезде ойламаймыз қайғыны біз,
Пайдасыз өтіп жатыр жай күніміз.
Қараспай жетімдерге мәз боламыз,
Семіз ет жеп, ішкенге майлы қымыз.
Таратқан садақаң мен зекетіңіз,
Сол болар ахиретте байлығыңыз.
Әйтпесе о дүнияда пұл болмайды,
Он мыңдап тауып жатқан айлығымыз.
Итшілеп тапқан мынау боқ дүниең,
Болуға жарамайды майлығымыз.
Қазағын келтірем деп жөнге қалай,
Азабын бұл өмірдің көрген Абай.
Сол қазақ содан әлі өзгерген жоқ,
Ұмтылып әлек боп жүр төрге қарай.
Бүлінер ашуланып, ақыл айтсаң,
Жүгірер көлге айдасаң шөлге қарай.
Ішкенін пайда көрген бұл адамзат,
Түскенін байқамайды көрге қалай.
Аллаға имансыз жан ұнаған ба,
Шыдамай сынып кеткен сынағанда.
Танымай жаратқанын тасып жүрген,
Білмеймін не жетпейді бұл адамға.
Құранның дегеніне құлақ аспай,
Құдайды еске аламыз құлағанда.
Алланың аятынан асып түсер,
Жұбатар сөз табылмас жылағанға.
Байыппен оң мен солға қарасаңыз,
Таң атпай тарап кетті тамашамыз.
Құр босқа уақытымыз зая кетіп,
Ашық күн, айлы түнде адасамыз.
Ақылын айтқандарға «ары кет» деп,
Бұртиып, өкпелейміз балаша біз.
Намазды жетпіс жаста оқимыз деп,
Бақсыдай болашаққа бал ашамыз.
Тілегім онсыз дағы қабыл болар,
Жүрегім таза ғой деп таласамыз.
Жүрегім таза деген сол адамның,
Күнәсін саусақ жетпес санасаңыз.
Алланы бізге мүлдем ұмыттырып,
Санаңа сайтан салды жаңаша із.
Жаназа, дұғада да уағыз емес,
Саяси өсек айтып тарасамыз.
Одан да жөн болады жүрегіңнің,
Жыртығын жақсы амалмен жамасаңыз.
Арнасыз аға алмайтын су сияқты,
Алласыз биіктемес аласамыз.
Ібіліс ұя салып жүрегіне,
Қанша адам жете алмай жүр тілегіне
Тәңірін танымайтын тасмүсіндер
Теңгесін айналдырған тірегіне
Өздерін құдай санап жүрген жандар
Шайтанның шырмалуда шідеріне
Теңіздей тасып жүрген имансыздар
Тамшыдан жаралғанын біледі ме?!
Әр істің арақ болып бастамасы,
Мас елдің көбеюде масқарасы.
Адамзат Алласына құлдық ұрмай,
Тәубе етер тарс еткенде тасқа басы.
Өмірін үй салумен өткізіп жүр,
Қазақтың кәрі шал мен жас баласы.
Үй емес, сарай емес бәрінің де,
Түбінде қабір болар баспанасы.