14.10.2021
  179


Автор: Жадыра Дәрібаева

Жасыл бақ хикаясы

Көктемде
Көктем келді жәудіретіп гүлзар бағын,
Балаң гүлдер сылдыратып шылдырмағын.
Әсемдікке тағзым етіп, тіледім мен
Сол бақтағы өсімдік ынтымағын…

Ымыртта
Баяу ғана жылжиды ымырт бүркеніп ап шапанын,
Етегімен кәрі еменнің сипап өтті сақалын.
Қайырды да қалампырдың тікірейген шаштарын,
Ақ қайыңның түбіне кеп аяқтады сапарын.

Түнде
Түн де жетті дамылдатып тіршіліктің базарын,
Төңкеріпті жер бетіне алып қара қазанын.
Жапырақтар діріл қағып, бір-біріне жабысып,
Үркіп тұрған нәзік гүлдің көрсең етті азабын!

Түсте
Түс кезі еді, қалмағандай бақ ішінде береке,
Бір-біріне ағаштар да түсірмейді көлеңке.
Раушан гүлі қызғалдаққа шүйіреді мұрынын,
«Құлақтарың қалқиған», – деп, етеді кеп келеке.
Күні бойы күндейді кеп, намысына тиеді,
Байғұс оған өрттей болып, қызараңдап күйеді.
Сондықтан да екі сұлу сыймай басы бір жерге,
Жақындаспай, әрқайсысы бөлек өмір сүреді.
Үйеңкі де бәйтеректі шудалы деп, менсінбей,
Қарағай да қала ішін тұр оншама жерсінбей.
Көкірегін жайып тастап: «менікі, – деп, – кеңістік!»
Қарайды емен басқаларды бір өзіне теңсінбей.
«Қойсайшы бұл көңіл деген көтеріңкі шіркінді,
Ғұмыр қысқа, қайтесіңдер керегі жоқ күңкілді!» –
Деді де тау, ала көзбен қарап қойып бақ жаққа,
Шарасыздан, амалсыздан күңіреніп, күрсінді…

Күзде
Жасаураған көзі күздің бақ ішіне түсіпті,
Ағаштардың саусағына салып алтын жүзікті.
Гүлдердің де алаулаған беттерін кеп өпкен жел
Үлбіреген үкілерін аямай-ақ үзіпті.

Қыста
Мазалап, түсіме еніп гүл-жапырақ,
Тұр екен жап-жалаңаш бақтар жылап,
Еңсем түсіп кетті ғой, қандай қиын
Сарқылып қалса егер бойда шуақ?!
Ақ қайың ұялып тұр бүркеп төсін,
Қыс келді, жер бетінен алып өшін.
Жас ағаш, бір-біріңе қамқор болшы,
Бастайтын өздерің ғой өмір көшін…




Пікір жазу