14.10.2021
  214


Автор: Исраил Сапарбай

Егіз лебіз

1
Жұпарын сеуiп жаныма
Жапырағын көктем жайған кез
Жүрегiмдi ұстап қолыма
Алдыңнан шықтым, Айнамкөз.
Жететiн ұзақ жылдарға
Бойыңа жылу жиғанда, –
Жүректен артық гүл бар ма,
Жүректен артық сый бар ма?!

2
Жондардан асқан жолменен
Алыстап кеттi-ау əн менен...
Алаңдай берем əр жаққа
Жоғалған жандай əлденем.
Артымда қалды бал шағым,
Алдымда қалды қанша күн?..
Мен бүгiн мұңлы қыздаймын
Жоғалтып алған моншағын...

3
Қыздың бетi – қызарып пiскен алма,
Күннiң нұрын уылжып iшкен ол да.
Сары күзде, шiркiн-ай, сағағынан
Пiскен алма үзiлiп түссе қолға!
Ажар-өңiн аймалап ақ таңда арай,
Тамылжысын арулар тəттi алмадай.
Тек, əйтеуiр, уылжып пiсер шақта
Сұғанақ көз сұмдарға тап болмағай...

4
Құмыр бұлбұл əншi ме ең
Талма таңда оянған?
Тұнжыр тұнық тамшы ма ең
Гүл ернiнен жай алған?
Елеңдейсiң назбенен
«Мен, – дегендей, – мұратың».
Өлеңдейсiң жазбаған
Əлi күнге бiр ақын!

5
Қыз дегенiң – өмiрдiң қызғалдағы,
Қылықтылар аз ба екен қыздан-дағы?..
Көңiлi жараспаған жұбайлардың
Төсегi суық келер мұздан-дағы.
Айнамкөз арулардың назданғаны –
Айдында аққу жүзiп, қаз қонғаны.
Тiрлiкте теңiн тапқан жұбайлардың
Құшағы ыстық келер жаздан-дағы.

6
Он сегiз – кербез, керiм кезiң, гүл-гүл,
Бойжеткен, қалауыңды өзiң бiлгiн.
Тiзгiндi тежей алмай тек əйтеуiр
Кетпесiн алып қашып сезiм – дүлдүл.
Сезiмiң алып қашса айдалаға,
Қалмайды ғазиз басың қайда ғана...
Өмiрдi той деп бiлген бойжеткендер
Осыны он сегiзде ойлана ма?..

7
Салқындық сезiлдi ме сары күзден,
Қоштасты махаббаттың бағы бiзбен.
Ғашықтық дертi қанша асқынса да
Ендi бiз емделмеймiз дəрi – қызбен.
Дəмелi бола қоймас дəрi – қыз да,
Жарымыз жүрген шақта жанымызда.
Шыңдалған шарболаттай,
жанған оттай
Қайдасың, қайран күндер, қаны қызба?!

8
Мiнезiңе абай бол ұшып-қонба,
Қапияда қақпанға түсiп қалма.
Бiр басынан айласы асып жатқан
Арамызда ептi көп мысықтан да.
Ибалы қыз иманын қымтанады,
Инабатты жанға кiм мiн тағады?
Сұлулардың жүрегi сырсандықта,
Сырсандықтың сиқырын кiм табады?..

9
«Ермек үшiн жұлдың, – деп, – неше гүлдi?»
Қалқам, менiң қайтарма меселiмдi.
Жасыл бағы,
сезiмнiң асыл дəнi
Мүмкiн, менiң кеудемде кеш егiлдi?..
Не шерiмдi тартқатпай,
не шөлiмдi
қандырмастан қоштасты неше құрбы...
Бос өткенге қимаймын өмiрiмдi, –
Кеш еккендер жинайды кеш егiндi.

10
Қарадым...
Қарағанмен, көз қанбады.
Көздiң де болады екен өз қармағы.
Бағымды бiр сынауға бата алмасам,
Басымнан базар күнiм озған-дағы.
Өзiме жетер шақта өз күйiгiм
Салмастан қинадың-ау көз қиығын.
Енерсiң кiмнiң келiп құшағына
Жанары жаутаңдаған Жезкиiгiм?..





Пікір жазу