14.10.2021
  178


Автор: Исраил Сапарбай

Ех, Лена!

Ех, Лена!
Лена, Лена –
Елена қыз,
Туды екен бiздi бөлек неге анамыз?
Бойтұмар болашаққа – ақын жайлы
айтылар нелер өсек, нелер аңыз...
Себебi ол бiрдi сүйiп, мыңға ғашық.
Жүредi «жұмақ» iздеп... күнде адасып.
Қасынан өте қалса, қыз-қырқын мен
қарайды қауыздарын гүлдер ашып.
«Көкте ме, перiштелер жерде ме?» – деп
Болады болмыс сырын зерделемек.
Кей-кейде жыр оқиды ол, теңiздейiн
толқи кеп,
тебiрене кеп,
тербеле кеп!
Есiгiн ешкiмге ашпай ендi бiрде,
Ен дүние, елеңдемей мол дүбiрге,
Оңаша ой кешедi, сөйлеседi
Өкпе айтып өлеңiмен кемдi күнге.
Жалғыздық жатса-тұрса жанын жердей,
Жүргенi кейде өзiне дамыл бермей,
Түнiмен жау түменiн жайратпаққа
найзасын қайрап шыққан жауынгердей!





Пікір жазу