14.10.2021
185
Ағып түскен аспаннан жұлдыздайын
Ағып түскен аспаннан жұлдыздайын
Ағараңдап көрiнер күндiз қайың.
Таппай ыңғай мен жүрмiн тiлдесуге,
Ақ қайыңдай сылайды бiр қыз бойын.
Қасы-көзi,
меңi мен өңi қандай?!
Екi тумас сұлуды өмiр ондай.
Жүрген сəтi – Ай көкте жүзгенiндей,
Күлген сəтi – сыңғырлы қоңыраудай.
Шашы қандай хош иiс, қою, қалың?!
Өрiлгенiн,
көрсең-ау жайылғанын!
Мөлдiреген жанары мойылдайын
Айтпай бiлiп қояды ойыңдағын.
Айқабаққа жарасқан ашық маңдай,
Кiрпiгiнен күмiс шық шашылғандай.
Бал лебiзi құйылар жүрегiңе
Өмiр бойы аңсаған асыл жандай.
Қарақат көз,
Ақық тiс,
Қаймақ ерiн...
Жұтсаң, шiркiн, жұпарын – майда лебiн!
...Екi жалған дүниеде жетпесе де
Қайран жүрек, созады-ау Айға қолын!..