14.10.2021
  174


Автор: Исраил Сапарбай

Жамылып жаздың неше мақпал түнiн

Жамылып жаздың неше мақпал түнiн,
Жан едiм сұлулардың тапқан тiлiн.
Алдымнан əрлi-берлi өткен сайын
Көзiме түсе бердi-ау ақ балтырың.
Көзiме түскен сайын үр жамалың,
Бiр тоңып,
Бiр ысимын,
Бiр жанамын.
Қалайын басым зеңiп бəңгiдейiн,
Ырқымды ықыласыңмен ырзалағын.
Елiктей екi көзiң елең қағып
Алдымнан өте бердiң, төрем нағып?
Ешкiмге залалым жоқ жүрген жан ем,
Алаңсыз əн асырап, өлең бағып.
Көзiме түсе бердiң неге менiң,
Қырмызы қызыл қанат көбелегiм?
Жаныңа жарық iздеп келген сəтте
Шарпылсаң жалыныма, көрер едiң?!
Қайтесiң көзiме көп түсе берiп,
Жүрсеңшi мəз күнiңдi мiсе көрiп.
Жүрегiм-жолбарысым оянар да
Қаларсың қас қағымда мүшеленiп...





Пікір жазу