14.10.2021
  188


Автор: Сұраған Рахметұлы

Ой тұман

Ұшады ойларың, ұшады төбеңнен бір-бірден,
тізіліп, ұшқыны ақ қардың,
Құстардың қанаты секілді, толқулар, қоштасу – күз үні,
Тағылым сауабы шырмайды өзіңді алдаған
шақтардың,
Көгілдір бейнелі көзіңмен шарлаған ғасырың.
Жер шары ішінде – жер тарпып, пысқырған аттардың,
Ауыздық шайнаған тісінде,
Көк жібек көйлегін шешкен таң,көл бетін жамылып,
жасырын,
Желегі – Жер шары ішінде.
Бақтардың шырқында сәуірлер тығылып, келешек
үшін де,
Жап-жасыл жаңбырдың иісіне не дейін, кеш бізді,
Өтерін өмірдің өзінше түсінген,
Сілемі жібермей арбайды ең соңғы ескі іздер.
Қабағы қатыңқы қасаттар, қам көңіл кәрі қыр,
Қарайды өтпелі мүсінмен.
Көл-көсір көлемім – көңілді көшкізген,
Біз сізбен біргеміз – бәрі бір:
Көп көбең көгілжім көйлегін шешкізген, ұрғашы
жарығым,
Жанымды жамайды алыстар көзімді қарыққан,
Естиді құлағым даланың сарынын,
Жаттаймын қаріптап,
Не күш бұл, өшпейтін жарықтай, кетпейтін есімнен,
Уә, зең Мәрмәр! Раушан ғаріп таң,
Көк теңіз – көйлегін шешінген!




Пікір жазу