12.10.2021
  180


Автор: Омарғазы Айтанұлы

ШЫҒЫС РОМАНТИКАСЫ

Есіме түседі жаңа оянған бір бүркіт,
Қаңтарда сұп-суық тас үстінде отырып.
Ақын болсам егер, айтар едім:
Ежелгі жыр-эпостардан мысал келтіріп.
Білмеймін жаралғанымды
Қайсы «Адам тектілерден»,
Қайысы орманда сақал-мұртым өсіп;
Тастадым екем жапырақ шапанымды
Қайысы сайларға шешіп?!
«Мың бұрхан үңгірін» ақтарып шаршаймын,
Қалды екен қайысы ескі қоныста
Тозып жоғалған ескі сағанағым?!
Мекен еткен едім бір кездерде
Айдаһар аунап, піл жусаған
Өзендердің бір алабын,
Ойланамын кейде
Қас тасы көмілген қыраттарда жатып.
Қозғалмай отырамын сонда
Үн-түнсіз суық сарайлардағы
Тибеттің жер құдайларындай қатып.
Шығыс, менің ежелгі шығысым,
Шығыс боп жер айналып,
Шығыс боп тарих жасаймын.
Ұлы таулар бөктерінде тас шауып,
Құдіретті босағаларда
Қос арыстан келбетін қашаймын.
Келіңдер батысым,от пен суға табынып,
Достасайық,
Табиғат мейіріміне қайта жуынып!
Айналайық кеңестікте
Жап-жасыл бір үлкен шар болып,
Параллел белбеуін ортақ буынып.

Шығысым, менің аңқау шығысым,
Жұлдыздар сырын іздеп,
Ай бетінен көз алмаймын.
Ұзын жеңімді желпілдетіп,
Мен неге шексіз кеңестікте
«Жын» болып кезе алмаймын?!
Оянғанымда ең алғаш
Ұзақ қысқы ұйқымнан,
Сөйлескім келген еді батысқа барып.
Айтқан едім мен сонда осы өлеңімді,
Айлы кеште
Қолыма бір тостаған шарап алып.






Пікір жазу