11.10.2021
  212


Автор: Исраил Сапарбай

Ғашық болу...

Ғашық болу...
Емес ол тасып-толу.
Қамкөңілдің дауасы—қасықтағы у.
«Көлеңкемді көмген жан өлмесін...» деп
Көз ұшынан көш ұзап қашық қону.

Ғашық болу...
Емес ол өліп-талу,
Өксу,
жану,
өртену,
сөніп қалу...
Маң далада Мәжнүннің шерін шертіп,
Не салса да тағдырың, көніп бағу.

Ғашық болу...
Емес ол талып қалу,
Жаратқанның жарлығы—жанып, тоңу.
Әр күніңнің қабағын көзбен бағып,
Тағдырыңның азабын анық тану.

Ғашық болу...
Емес ол талып түсу,
Жанған отты жалаңаш барып құшу.
Қосағыңмен қоштасар күн туғанда
Қос жанардан қос жұлдыз ағып түсу...


 





Пікір жазу