11.10.2021
  159


Автор: Исраил Сапарбай

Жарты

Жәркен досқа

Қансонар...
Қарыс қабақ: Қаңтар, Ақпан...
Алты ай қыс ауа қоймас Арқа жақтан.
Бойыңа боза ғұрлы қан таратқан
Қалайсың, Жәркен ақын, жарты арақтан?

Бұл Одақ керек етпес Мені, Сені.
Бір кезде «кезбелерге» кеніш еді...
Екеуміз бір жартыны жәукемдесек,
Ерке інің — Еркін Жаппас нені ішеді?

Басқасы...
Басқасы ма?
Басқасы, рас,
Бас шұлғып, бізді көрсе бас қасымас.
Пошымы Поштабайдан кем түспейтін
Өзіңсің ақындардың қасқасы, рас!

«Қайда,-деп,-«Қаламгер» де, «Қағанат» та»
Жаныңа жайдақыны жағалатпа.
Айтөсін айқара ашқан бір кездері
Қайтесің бәйбішеңді қарақатпа?

«Жартыны» жанторсыққа сала барған
Айналып кетуші ек-ау ағалардан...
Сорпаның жыланкөзді жылымындай
«Қорқамын кейінгі жас балалардан...»

Сен шетте,
Мен де шетте,
Ара қашық.
Бұл күнде жан көрмедім қабағы ашық.
...Бір өзі «жарты патша» - Жаппас інім,
Біз келдік,
Төмене түс,
Далаға шық!





Пікір жазу