10.10.2021
  129


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Барвиха

Естімеген елде көп,
Ел білмеген пенде көп,
Атышулы болған соң,
Емделуді ұйғардық,
«Барвиха» деген жерге кеп.
Алтынменен аптаған,
Күміспенен күптеген,
Хрусталь шам қаптаған,
Үйі қандай тамаша,
Мебельдер де кіл жаңа,
Кілемдер де кіл жаңа,
Айналаң тұр нұр жаңа.
Деп ойларсың бұл жерде
Хор қыздары жүреді деп,
Сыңғыр-сыңғыр күледі деп.
Ортасынан ойып бір,
Ең бір ғажап сұлуын
Қолтықтағың келмей ме!
Он екі айда бір келген
Демалыста шалқытып,
Жортып қалғың келмей ме!
Алып ұшқан көңіл-ай,
Егде тартып қалсаң да,
Ар жағың қымың қағады,
Бер жағын қымын, қағады,
Көзің от боп жанады,
Сөйтіп келген бір сабаз,
Тұрып алып ертеңмен
Жан-жағына қарады.
Әйелдер шын-ақ көп екен,
Гүл емес өңшең шөп екен.
Шықты бірі бүкшиіп,
Шықты бірі түксиіп,
Шықты бірі быржиып,
Шықты бірі қыржиып,
Анау жерде бірі отыр,
Түк жақтырмай тыржиып.
Көрінді біреу шартиған,
Көрінді біреу қампиған,
Көрінді біреу таңқиған,
Көрінді біреу көтерем,
Қос құлағы қалқиған.
Шалқақтап біреу келеді,
Талтақтап бірі келеді,
Қалтақтап біреу келеді,
Жалтақтап біреу келеді,
Заманында бәрі де,
Құлпырған қыз болған ғой,
Апай төс алғыр жігіттің,
Көңілдері тойған ғой.
Ит екенсің кәрілік,
Мың жасауға кім жеткен,
Жан түршігеді сонда да,
Сен салған мынау суреттен.
Демігеді жүре алмай,
Қалт-қалт етіп мойыны,
Сүлдесін әрең сүйреп жүр,
Сеніменен бұл жерде,
Қайдан келсін ойыны.
Бір-екеу бар өзінше,
Жасанғандай болады.
Әжім-әжім беттерін,
Шаң-шаң етіп бояп-ап,
Жасарғандай болады.
Аяғы тұрса дірілдеп,
Көзі тұрса іріңдеп,
Tic тұрғанмен жалтырап,
Денесі тұрса қалтырап,
Қайдан ғана жасарсын?!
Кәрілердің ішінде
Сен өзің де кәрі боп,
Жегенің ылғи дәрі боп,
Қайтып кетер күшің де.
Дәл осындай жағдайда
Елудегі әйелің
Қыз Жібек болып көрінер,
Басылған көңіл желігер,
Күнде сүйіп бетіңнен,
Ол да саған әбігер.
Егделеу деп жүргенде
Одан жасты таба алмай,
Ықылас, ынта, құмарың,
Соған ғана берілер.
Артық айтқан бір сөз жоқ,
Уа, тыңдаушы халайық,
Бұл сөзіме сеніңдер!
Ұзын сөздің қысқасы,
Айтулы ердің нұсқасы,
Алысқа барып арбалап,
Сұлуды құшып жасарсам,
Деген ойдан жеріңдер!





Пікір жазу