09.10.2021
  360


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Ұстаз тұлғасы

Адамға биязылық, әдептілік жарасқан. Біреудің босағасын аттарда бойыңды ыңғайсыздық билейді, қысыласың. Қалай қарсы алады, кім шығады алдыңнан? Күндегі үйреншікті тіршілікте, тіпті көрші мен көршінің арасындағы қарым-қатынастарда осылай болады.


 


Ал мектеп босағасын аттарда ше? Жоқ, олай емес. Сен еркінсің, сен қысылмайсың, ынтыға келесің бұл босағаға. Өйткені саған өмір есігін айқара ашатын адам бар онда. Сол адам бүкіл ғұмырында бөлекше ыстық. Есейіп ержетсең де, мәртебең қанша өссе де, ол адамның алдында аласасың, кішісің, баласың. Адамдар көкірегінде ғұмыр бойы осылайша құрметке бөленген, өмір бойы пір тұтар бір жан болады. Ол — ұстаз!


Мектеп — ұрпақ — ұстаз! Осы ұғымдар бір-бірімен біріккен, тұтасқан. Мектеп — алтын бесік, ұрпақ — коғам болашағы, ұстаз — соны даярлаушы. Болашақты даярлаушы! Болашаққа артар үмітті ең алдымен ұстаздарға артамыз. Әр семья әзінің ардақты асылы, тәтті үміті - сәбиін, қоғамда ең сенімді тірегі — болашақ құрылысшыларын ұстаз қолына береді, ақаусыз азамат шығарады деп сенеді.


Ұстаз парызы — үлкен парыз. Ал бүгінгі ұрпаққа ұстаз болу тіптен жауапты. Бір кезде біздер таң қалған, тамсанған, арман еткен, дүние ендігі ұрпаққа үйреншікті боп кетті. Бүгінгі бала үшін телевизор күнде көріп жүрген жай нәрсесі, «ТУ-І04» самолеті шыға сала міне шабатын белдеуде тұрған аты секілді, космосқа ұшу да енді таң болмай қалды.


Осы ғажайып өзгерістің бәрі қазіргі ұрпақтың көз алдында өтіп жатыр. Ол өмір сүріп отырған қоғам — жасампаз қоғам. Балаға қазір жақсы не, жаман не екенін үйретіп қою жеткіліксіз. Оны сәбилер балалар бақшасынан - ақ біліп шығады. Сауат ашуды «А» әрпін үйретуден, есеп шығаруды «2+2=4» - тен бастау бәрімізге үйреншікті.


Бұл жылда қайталанады. Сырт қарағанда бір жылдың бір жылға ұқсас сияқты. Кейбір мұғалімдер де солай деп ұғады. Осы жай кейде бізді адастырады. Кешегі бала мен бүгінгі баланың арасындағы айырмашылықты елетпейді.


Ал шын мәнінде, әр жылғы ұрпақтың рухани танысына үңілсек, мүлде басқаша. Бүгінгі оқушыларды бұдан он жыл бұрынғы оқушылармен салыстыруға болмайды. Бүгінгінің талабы да зор, талғамы да күшті. Өйткені олардың өресін өмір кеңейтіп отыр. Мұны ескермеген ұстаз ақау жібереді, ұрпақ бойына шақ білім бере алмайды.


Мұғалімге де творчестволық өсу қажет. Өмір талабына оның өресі сай келмесе қиын. Сағатын ғана санап, қара басының қауызында ғана жүретін адам бүгінгі күннің мұғалімі емес. Баланы асқақ азаматтыққа, арлы болуға кім баулиды? Өзі сондай мұғалім ғана.


Баланы шыншылдыққа, өлкесін, өңірін, Отанын сүюге кім үйретеді? Бойында сондай қасиеттер бар мұғалім ғана.


Баланы арманшылдыққа, табандылыққа кім жетектейді? Өзі арманшыл, өзі табанды мұғалім ғана. Оқушы білімін отанның берік сенімділігіне кім айналдырады? Отан мұраттарына өзі сенген, сол жолда өзін күрескер деп есептейтін мұғалім ғана.


Сонда ол ағартушы, сауаттандырушы ғана емес, жаңа тұрпатты қоғам мүшесін шындаушы, осы жолда емшек сүтінен кейінгі жауапкершілікті өзіне алушы. Мұғалім еңбегі қойған баға — үлгеріммен ғана өлшенбесе керек. Ешбір мәліметке жазылмайтын, ешбір статистика көрсете алмас мұғалім еңбегінің қыры бар. Ол — шәкіртінің бойына қандай азаматтық асыл қасиет дарыта алғандығы, рухани нор еккендігі.


Ұстаздың творчестволық тұлға екені осыдан. Педагог мамандығы үшін де талант керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарына да өнер институтына таланттарды тандап алатыны секілді ұстаздық етуге таланты барларды ғана қабылдаса, қандай жақсы болар еді. Сонда қазір жай ғана көшке ілесіп, тәрбиенің көбігін ғана беріп, сөлін дарыта алмай жүргендерге алтын босаға - мектеп есігі жабық болар еді.


Мектеп — азаматтыққа, адамгершілікке баулудың алғашқы баспалдағы. Оқушылар оқу кестесінде көрсетілмеген, әркімге қажет ұлы бір ғылыммен танысуды осыдан бастайды. Ол ғылым бір ғана білім мөлшерімен өлшенбейді, адам бойындағы бүкіл сезім тұтастығынан, қалыптасқан қасиеттер қарасынан көрінеді. Ол — Отанды сүюге, соның лайықты азаматы болып, ыстық махаббатпен еңбек етуге баулу ғылымы.


Тарихшылар Отанның тарихын, тілшілер сол елдің сөйлейтін тілін, географтар табиғатын үйретеді дейік. Бірақ әр педагог, тіпті, ол екі жерде екінің төрт екенін үйрететін болса да, шәкіртінің жүрегіне Отанды сүю сезімін еге білуі керек. Міне, бұл — ұстаз тұлғасын анықтайтын басты көрсеткіш.


Біздің республиканың тек ауылдық жерлерінде ғана 95 мың мұғалім бар. Олардан 1 миллион 630 мың оқушы тәлім алады. Сәл ойланып көрейікші, ұстаздың қолына қаншама адамның тағдыры тапсырылған. Бұлар әр ата-ананың үміті, әр отбасының көзінің ағы мен қарасы.


Ең бастысы — қоғамның ертеңгі болашағы. Ұстаз болашақ үшін күрескер, келешегімізді шындаушы.





Пікір жазу