09.10.2021
  182


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Мен кіммін?

Мен адаммын. Ия, біз бәріміз де адамбыз. Бірақ, осы бір ұлы есімнің мәніне әмсе үңіле білеміз бе, соның бар қасиетін әрдайым есте сақтап жүреміз бе? Адам болу үшін екі қол, екі аяқтың, екі көз, екі құлақтың болуы жеткілікті емес. Рас олар керек мүше. Бірақ ең негізгі мүше — азаматтық жүрек болмаса, олар да әлі мүсінге жапсырған жалған денелер болып шығады.


Әлдекімдер қол-аяғы, көз-құлағы жоқ болса, адамдық қандай сиық болмақ деп дау айтар. Мен де қызу дауласа алам. Сол қолды да, аяқты да, көзді де, құлақты да жұмсайтын жүрек. Егер ол жүрек адал болса, ол жүрек абзал болса, қол да адал істі ұстайды, аяқ та адал жолмен жүреді. Былғанған, арамдықтың дерті шалған жүректің жұмсауымен жылтылдаған көзден сақта құдай. Өмір қызығын құныға тыңдаудан гөрі, өмір тынысын ұғуға қызығудан гөрі көбіктей көлкіген көкіме өсекке ұйытын құлақты бермей-ақ қойсын.


Жуырда мен бір адаммен кездестім. Алақандай бетінде сау тамтық жер жоқ. Соғыста атылған бар бытыра осының бетіне келіп арадай ұя салыпты. Бір жақ езуі қисық, ауған түйенің жабуындай төмен салбырап, аузының, бүкіл бет-әлпетінің пішінін бұзып тұр. Ол аз болғандай екі қолы шынтағына дейін жоқ. Шолтаң-шолтаң етеді. Бишара - ай дедім!


Жоқ, қателескен екенмін. Адамның ар жағынан сыр тартпай тұрып, ол жөнінде қорытынды жасауға асықпау керек екен. Сол қолмен істеп жүрген ісін көргенде ішкі сарайын айқын таныдым. Сол қолмен ол шалғы шабады, сол қолмен ол машина айдайды, сол қолмен ол бақ суарады, сол қолмен шот қағып, есеп шығарады. Сол қол қыл қалам ұстап, сурет салады. Шолақ қолдың ең алғашқы түсірген бейнесі — Лениннің бейнесі.


Осы қолмен алты баланы әлдилеп өсіріпті. Оның бірі — биші, бірі — күйші, бірі — агроном, ал қалғандарының кім болары әзір белгісіз, әлі жас. Бірақ олардың да анау ақ жүрек абзал адамның бойындағы қасиеттерден нәр алары сөзсіз.


— Осы қолымның бір-ақ кемістігі бар. Бұрын мондалинді жақсы ойнаушы едім. Енді оның пернесін басатын саусақ жоқ, — деді ол.


Жоқ, онымен мен келіспеймін. Бұл нағыз алтын қол. Маған жоғарыдағы жайларды білген соң, оның шолақ қолдары, қол емес-ау білегінің тұқылы сүйкімді көрініп кетті.


Міне, абзал жүрек жұмсаған шолақ қолдың өзі. Қандай қабілетті.


Тағы бір адаммен кездестім. Ол курортта. Сұңғақ бойлы, сымбатты десе сымбатты. Қазақта бір сұлу жігіт болса, соның тап өзі дерлік. Тікесінен тік жүреді, ешкімге амандаспайды, ешкімге жуымайды. Ата қаздай одырайып, төңірегіне осқыра қарап отырғаны әмсе. Бір сәті түсіп тілдесуге тура келді. Екі сөзінің өзі-ақ тұрған қуыс кеуде екенін корсетті де қойды.


— Әзірше осылай жүре тұрып, бастығымыздың бабын тапқан бір сәтте бір жоғары қызметке іліксең...


Осыны айтып, қарқ - қарқ етіп күлді де, өз-өзінен мәз болды.


Ішімнің удай ашығаны - ай. Мына пиғылыңмен ел басқарып жүрсің - ау. Едірейіп, илікпеуің соны аңғартады. Рәсуа ғып берген есіл сау мүшелер. Қарапайым жүрегі бар қамқор ерге бітсеңші.


Міне, табиғат осылай кейде қате жіберіп алады екен. Басқадан қателессе қателессін. Бірақ жүрек беруден қателесе көрмесін. Сол дертсіз сау жүрек, азаматтың жүрегі кеудемде соқса, онда мен Адаммын!


1961 жыл.





Пікір жазу