Арнау
Ұшқан ұям «Бөке» мектебінің директоры М. Құрманбаеваға
Үлкенін, сыйлап ауыл қариясын,
Гүлдентіп Ережепбай жан ұясын.
Әдепті келін, жақсы жар, жақсы ана
Бола алған қарапайым Мәриясың.
Ұстаздық еттің қырық жыл жалықпадың,
Тағылымы ұлы еліңнің танытқаның.
Тәй-тәйлап жас баладай бағып, баулып,
Жолына азаматтық бағыттадың.
Ой қостың, тәлім күйдің зердесіне,
Өмірден орын ал деп кең көсіле,
Сендірдің тер төкпесе еш уақытта,
Бақыттың өзі іздеп келмесіне.
Кетпеді бұл тұрғыда еңбегің еш,
Әр тұста мектебіңнен созылған көш,
Ізіндей жатыр сайрап сүрлеу, соқпақ,
Озса да жасыра алмас уақыт еш.
Ізі ол Дүйсенханның, Күлдерханның,
Семейде Мендіғали, Сайлауханның.
Бақтының бағы болған қыздары мен,
Мәдениет Алматыңа Мұратханның.
Сан жерде сан сұраған тілеу келді,
Тәңірі жазған екен түлеуге елді.
Жұртыңды бастап отыр өз түлегің,
Жол салып әкімдікке Тілеуберді.
Тізбелеп түгеспеспін «Хандарыңды»
Әлі де іздер талай жалғарыңды.
Нарықтың құлағында ойнар әлі
Таланттар шығар озып алға арынды.
Рухани болмасын деп қазақ кедей,
Бар ынта-жігеріңмен азап демей,
Жұмсадың ғұмырыңды ұстаздыққа,
Не дейін еңбегіңді ғажап демей.
Әрине ол ескерілмей қалғаны жоқ,
Еліңе бергеніңнен алғаның көп
Демеймін, әйтсе дағы халқың риза,
Халқы риза азаматтың арманы жоқ.
Жаралған адам ризық теру үшін,
Тергенін аймағына беру үшін.
Тағы бір жарты ғасыр нысана ет,
Жемісін келер ұрпақ көру үшін.
Молайтып сыйлы ауыл қариясын,
Гүлдентіп жас ұрпағын, жан ұясын
Көрейік жүрген ұстаз, ана, әже
Бөкенің мектебінің Мәриясын.