30.09.2021
  180


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Аягөзге

Армысың, қарт Аягөз сүйікті өңір,
Тұратын көруге әркез бұрып көңіл
Соғыстың от жылдарын сенде өткергем
Бетпе-бет сан қиынмен келіп небір.
Соғыс тез сестендірген жастық жалын
Әрекет еткізді ойлап істің мәнін. Жеңіс деп,
Ұлы Отан деп соққан жүрек
Төзетін әр қиынға етпей шағым.
Табылып ел көңілінен үміт еткен,
Жастарға ұйтқы болған күндер өткен.
Қашанда бір жағында үлкен істің
Айтулы жастар жүріп терін төккен.
Осылай өмірімнің біраз жылын
Өткердім жылға балар әрбір күнін.
Тектедім жақсы-жаман зерделедім
Көкірекке түйіп талай өмір сырын.
Армансыз өңіріңді араладым
Зерделеп әр көргенді сараладым.
Ғажайып Қозы-Баян ескерткішті,
Ай, Таңсық сөйлеп берді дара Нарын.
Кезінде ескерткішті Шоқан көріп...
Пушкин де қызыққан ғой ести келіп.
Түйсем де көкірегіме кейбір қырын
Заманның ауқымына жүрдім еріп.
Өңірі Аягөздің мол шежіре
Игеріп ұйыстырған елді өзіне
Билері, батырлары, ақындары
Ұйытқан ел қазақты әр сөзіне.
Байғара, Ақтайлақ би, Дулат, Әріп,
Бүгін де халық ұйып сөзін танып,
Елдігін әлемге әйгі етіп отыр
Аруақтар жебеуімен рухтанып.
Халыққа мирас болған мұра асыл
Толғанын тойлап отыр он бес ғасыр.
Бүгінгі нарық шақта жора дейік
Арманы өсермен жас болсын ғасыл.
Ұлассын аруақты елім, тойың тойға
Бергей-ақ Алла медет Әрбір ойға.
Алғаның орындалып ел мерейі
Тасысын қамал бұзар қуат бойда.

08.06.2002 жыл.





Пікір жазу