30.09.2021
  112


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Шыдам

Өмір — шексіз жәбірші,
Бір сәт сүрініп жаңылшы,
Қазып көлденең тартқан
Тәрізді ол қабыршы.
Шыжғырып күн күйдіреді,
Ұшырып, су үйіреді.
Сары аяз үсітіп, қарып,
Жаныңнан жіп иіреді.
Бұршақ ұрып өтеді.
От өртеп тыйпыл ғып кетеді.
Төзесің қарсы әрекет қып,
Шыдам бәріне жетеді.
Бұл апат, өтесің аман,
Күрессең, түспейді бағаң.
Осының бәрінен дағы
Биліктің жәбірі жаман.
Ол алпыс айлалы келеді
Айладан сұмдық өрбіп, енеді
Қастығын жасырып істейді,
Ақпын десе, адамдар сенеді.
Top құрып сыртыңнан орап,
Сырт көзге сыпайы болад.
Сауысқан сырын жасырып,
Көк қарға... күмбезге қонад.
Қақпаны қабілет сайын,
Құрулы тұрады дайын.
Шыдамдар шегіне дейін
Созылады ұққанша жәйін.
Күрессең жаласы дайын,
Қазылар еткенше пайым.
Ар-намыс аяусыз кірлеп,
Іздейді бассауға дәйім.
Ойлашы, оқушым, достым,
Кеңесімді өзіңе қостым.
Шыдамда шек болмас па деп,
Сұрағымды алдына тостым.
Кеше көрдім, бауырым,
Сәлемдестің үзіліп.
Бүгін тұрсың ба ауырып
Сызданыпсың сызылып?..
Не әдетің шырағым,
Сабынша қалу бұзылып.
Қымыран сынды сырыңды
Болмадық қой біз ұғып.
Өз басыңмен жүрсеңші,
Өз күлкіңмен күлсеңші
Құлағы қазан... шөмішің...
Уақытша ғой білсеңші.
Ол түгілі тахытың
Емес мәңгі бақытың.
Өтірік күлген шағы бір
Құбылмалы уақыттың.
Сабаз болсаң солардай
Шығарсың қайда Сәкендер.
Сары құм болған сан жігер...
Санаңа салып, көз жібер.
«Дүние — көл, заман — жел»
Айдаса, қаңбақ боларсың.
Артқы толқын келгенде,
Шегініп сен де қонарсың...





Пікір жазу