30.09.2021
  129


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Тайталас

Еске алып қазақ сахарасының данасын
Қолпаштағансып дейді кейбіреу
Сарасың. Жалтара алмай мойындап біреу әнімді
Дейді: сырнайың жоқ тек, өйтпесе
Нағыз Майраны еске саласың.
Жоқ, бауырым,
Мен Сара да емес,
Майра да емес, өзіммін.
Тұрсынхан боп өскем
Тарланын жегіп төзімнің
Сайысып жүріп тағдырмен
Бір жеңіп, бірде жеңіліп,
Болған қуанып,
Жылаған дағы кезім мың.
Өмір тізгінін өз қолыма алып жетіде,
Қарылып өскем ақ боран, аяз өтіне.
Капитализм екен деп жалтарман бүгін.
Заманнан көмек көп көрдім,
намыс, талап пен жігер жетелеп,
Жетіле бергем, жетіле.
Қоғам қолдады
Есігін ашып білімнің
Көрсетіп жолын
Нағыз өзі боп жебеп пірімнің
Қабілетімді
Зиялы аға, бауырлар танып демеді,
Тайсалмай ендім
Ақсарайына енердің,
Қыңыр ғылымның.
Генерал! — деді біреу.
Сездім сөзінің астарын.
Ойлаушы ғана деп
Жүреді екен мені бас қамын.
Жоқ жарқыным!
Қуғаным әр кез тек қазақтың ғана намысы
Көздеген емен атақтың, даңқтың аспанын.
Рас, қой торы күрең болғам жоқ әсте
болмаспын деймін әлі де.
Өз орның болмаса
өмірдің мынау сәні, мәні не!
Кімің бар десе, ауызға ілініп,
мерейін ұлттың өсіру —
Ортақ парыз, қазақпын деген
Намысты ұл-қыздың бәріне.
Осынау парыз
Кетпейтін әсте көңілден.
Заманның даму
ағысымен бірге өрілгем.
Теңгермегеннің төрінде емес,
төбесінде құрам тайталас
Алланың әмірі — тізем бүгілмей
Тік тұрып өтем өмірден.
Солай бауырым, мен
Сара да, Майра да,
Генерал да емес, өзіммін.
Өзге болмаймын әсте
Төркініне үңіл сөзімнің.
Әр заманның дара тұлғалары бар, тақ тұрар,
Көрмесең саған не дейін
Үңіл, әділдігіне
Көкірегіндегі көзіңнің.

28.08.2002 жыл.





Пікір жазу