30.09.2021
  116


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ұлы сезім

Ұлы сезім!
Сені іздедім.
Білмеймін неге іздедім.
Қалай ғана бұл ойды негіздедім!
Алауы өшкен бұл пәни тірлігіммен
Сен мәңгіге япыр-ай егіз бе едің!
Алды-артыма қарамай сені іздедім,
Күн қайтқанда мұның не дегізбедің!
Сені іздедім әйтеуір кеп іздедім,
Тірлігіммен осынша егіз бе едің!
Аланы кеп алапат күнді өткердім
Дауылды кеш, жауынды түнді өткердім.
Жоғалтқанын таппаған жолаушыдай,
Айықпайтын жаныма мұң бөктердім.
Ұлы сезім! Сен сірә осындай ма ең,
Абайлатпай алатын тосындай ма ең!
Құйынында үйіріп адастырар,
Қинап құшар қылықты досымдай ма ең!
Ұлы сезім, япыр-ай, осындай ма ең!





Пікір жазу