Жұрт аузында жүрген сөзді қайталап
Жұрт аузында жүрген сөзді қайталап,
Төгілдіріп көсемімсіп айтады-ақ...
Сөзбен бітер істің жоғын қалайық
Ежелден-ақ келеді ғой байқап-ақ.
Кәрілер мен бала қамы деседі,
Сол ғана ма емдер қоғам кеселі?
Зейнеткер деп дабырайтқан азамат,
Зейнет көрмей базарда күн кешеді.
Елу жігіт, алпыста ел ағасы,
Дейтін еді біздің халық данасы.
Орда бұзар, ел басқарар шағында,
Ол зейнеткер, жастарда тақ таласы.
Іс мұндайда қайдан бассын ілгері,
Айналғандай аспанда ай, күн кері.
Алла емес, ауыздарда тек ақша,
Жердің үсті аласапыран жын-пері.
Қоғам мынау алыпсатар қаптаған
Адалдықты аяқ асты таптаған.
Ар, абырой, адамшылық саудада,
Не қалды екен бұл коғамда сатпаған.
Осы болса орнайтұғын ұжмағым,
Біткені артық шығар татар тұз-дәмім.
Нарық түбін парықтамай күмп етіп,
Ұсынған соң халыққа өмір мұздағын.