30.09.2021
  111


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Заманға сондай киліктің

Саудада достық жоқ.
Сәлемде борыштық жоқ.
Халық нақылы

Жараған жұрт жүруге
Түгел сауда соңында.
Шама да жоқ, шара жоқ,
Кәрі-құртаң, момында.
Бизнесмен деп аталған
Алыпсатар — саудагер.
Оның мың ғып есірмек
Болып түскен әуреге ел.
Жаны, ары, иманы
Айналғандай ақшаға.
Қоғам деме, ақша де.
Көзі түспейді басқаға.
Мыңға сатады онға алып,
Әкесіне өзінің
Өлдім десе бұрылмайды
Қарасына көзінің.
Достық жоқ дейді саудада,
Алла алдына бар мейлің.
Нарықтың заңын бұзбайды,
Баю жеңген бар бейілін.
Адамда ындын бұзылды
Нарық езіп, айығып тым.
Ешкімнен күтпе шарапат
Заманға сондай киліктің.
«Қоғамын достық құрамыз»
Дейді санашыл шырылдап...
Ділі, тілі басқаның
Иттері үреді ырылдап...





Пікір жазу