30.09.2021
  110


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Нала

Бұл тағдырдың талқысына
Алты жастан көнген ем.
Ащысын да, тұщысын да
Әбден татып көрген ем.
Ризығына риза болып
Алғыс айтып Тәңірге
Бұйырғанға қанағат қып,
Жетегіне ерген ем.
Бітпей әсте қойды-ау әбден
Кереғарлық көлденең,
Түйін, түйнек болып қатты
Байланған сор, шер-шемен.
Кетермісің бітеу жара
Ашылып бір жарылмай,
Көз жұмамын ба япыр-ай
Қалың сордан арылмай.
Қосып айтып не қылайын
Татымсыздар қылығын
Жетесізге арнаған сөз,
Желге кеткен бос шығын.

06.05.1999 жыл.





Пікір жазу