22.09.2021
  325


Автор: Жандарбек Бұлғақов

АУЫЛЫМ АЛТЫН ТҰҒЫРЫМ

Ауылым, алтын тұғыр ақ бесігім,


Ата жұртым, берекем  бақ несібім.


«Құдайы қонақпын» деп кісі келсе,


Жатырқамай  ашады  жатқа есігін.


 


Сыңғырлап бұлақ ағып сағасынан,


Мейманның батасын ап бағы ашылған.


Киелі дастарханнан дәм таттырып,


Күй толғап, алты қырдан ән асырған.


 


Салтыменен дәстүрі тыйылмаған,


Ертелі кеш дастархан жиылмаған.


Қонақты құт санаған Қыдыр көріп,


Астына ат мінгізіп құйындаған.


 


Айтысып та кетеді ал кеулесе,


Қорғасындай балқиды жан тербесе,


Құйрық асып мейманға асатады,


«Ақ жолтай қонақ»  қой деп, мал төлдесе.


 


Жусан аңқып, тергембіз  қымыздығын.


Аңсамаған шұбатты қымызды кім.


Ырымдаған осылай ауыл жұрты,


Қонақтың Тәңір берген ырыздығын.


 


Жері жоқ, уәдеден тайқып берген,


Шығын шықса ырыс боп қайтып келген.


Мейірбандық  танытып, мейманына,


Ауылдың алты аузын айтып берген.


 


О, туған жер, қаймағы бұзылмаған,


Масасы да, ән салар ызыңдаған.


Мейманасы тасыған тайқазандай,


Көрмегелі көп болды жүзіңді аман.


 


Сағындым атамекен ауылымды,


Көк майса, көктен жауған жауыныңды.


Жыланның да, басына ақ тамызған,


Қараша үй, Қара орман, қауымымды.





Пікір жазу