22.09.2021
  146


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Рухың мәңгі гүлдер, сен Бәйтерек!

Беу, дүние, опасы жоқ пәни жалған
Айырылдық қазақ халқы, қандай нардан!
Алыптың ӨЗТҮРІКТЕЙ еңбегімен,
Әлемге қазақ деген атың барған.
Арыстан сұсты, айбарлы, жүректім-ай
Ақ алмас құрыш дене білектім-ай.
Қабанбай бабасындай халқым деген,
Ел қамы ойлағаны өр тілектім-ай.
Қапыда көз жұмдың-ау қайран ерім,
Кең ойлап, мол пішетін кемеңгерім.
Бір сырлы, сегіз қырлы қабілетім,
Сан соғып, есеңгіреп қалды-ау елің.
Ғайыптан тап болып ең ажал қайдан!
Ұстаз боп ұланыма қанат жайған
Тұлғаға тұғыр болар жалғастырып,
Дәстүрді мирас қалған Қабанбайдан.
Амал не, ажал тандап келеді дейді,
Халқыңның ерек өзің деген бейілі.
Сен салған үлгі медеу көңілдерге,
Мектебің өсіп әлі кемелдейді.
Тарихың, таңдандырар өмірің бар,
Тағдырың айта қалар көңіл бұрар.
Жазылар саған арнап талай дастан,
Оятып ой-санасын ұрпаққа ұнар.
Ғибрат бар Алла ісіне тоқтау керек,
Рухың мәңгі гүлдер, сен Бәйтерек.
Жаннатта болып жаның артындағы
Ұрпақты аруағың жүрсін жебеп.





Пікір жазу