22.09.2021
  122


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Түс

Жан жоқ шығар өмірде түс көрмейтін,
Ой жіберіп мәніне түс бермейтін.
Әлдененің хабары ғайыптан кеп
Аян берген ғажайып іс көрмейтін.
Біреу сеніп, деп түсім деп келеді,
Алдын ала жақсылық бөктереді.
Біреу үрей шақырып, қатер ойлап,
Қайыр береді тиеді деп көмегі.
Өңінде емес кейбіреу түсте байып,
Өмірі өтіп үмітпен жасы ұлғайып,
Бітпес арман арқалап кете барады
Айқара есік ашқанда дүние ғайып.
Рақат, бейнет ол да түс аты өмір,
Тірі пенде өткердім демес жеңіл.
Алла адамды беймаза жаратты өзі
Қайдан пайыз табады дөнен көңіл.
Дүние қуып, жұлқысып жүрсін мейлі,
Төккен терім, мақсатты ісім дейді.
Бақ — баянсыз, мансап — сор, ел — ұмытшақ
Мынау ғалам өзі түс, түсінбейді.





Пікір жазу