22.09.2021
  147


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Өкініш ақын ерте көз жұмғаны

Жаратқан Алла қалай әйел затты,
Нәзіктеу, еркектерден инабатты,
Парасат, ақыл, енер тең ғып беріп,
Көңіліне асыл сезім ұялатты.
Өктемдік бұзбаған бар қай қамалды,
Зұлымдық асырмаған айла-амалды.
Әйелдік нәзіктікті әлсіздік деп
Күштілер өз қамына пайдаланды.
Пысықтар тездеп мұны заңдастырды,
Бірінен-бірі озып алға асырды.
«Мүлкі деп әйел ердің» қағида ғып
Әйтеуір пайда жағын қамдастырды.
Негізін біреу ұқты, біреу ұқпай
Қалған ба жаман әдет әсте жұқпай!
Көзіндей күнкөрістің күйге түсті
Қоғамдық өмірде әйел деңге шықпай.
Қалыңмал әмеңгерлік ғұрып болды
Түскен бір қыз мойнына құрық болды.
Құны жоқ, ешнәрсеге құқы да жоқ
Тағдырын кері арнаға бұрып болды.
Аударды зиялының бұл назарын,
Хал бұлай бола берсе ел азарын.
Әйелге ара түсті оқығандар
Танып өз бесігіне көр қазарын.
Біреуі жоқтағанның әйел мұңын,
Егіле ет жүректен төгіп жырын
Еді ғой ел ардағы Сұлтанмахмұт
Қоғамдық бұл құбылыстың ашып сырын.
Сондықтан көп шығарма келді өмірге
Ем болып, дауа болып қам көңілге
Белгілеп ұлт тағдырын беретұғын
Мән алып әлеуметтік бекітті ірге.
Ғұмырын жас гүлдердің көктей жұлу
Ілгергі қадамына тұсау құру
Жойылды зиялылар күресімен
Ерекше бүгін мұны керек ұғу.
Тағдыры әйелдердің көптің қамы
Болды да арайланып атты таңы.
Жеңісін күресінің көрмей өзі
Өкініш ақын ерте көз жұмғаны.
Бүгінгі өмір өзге, басқа азап
Бүгінгі қыздар өзге, басқа тозақ.
Кімдерге құда атанбай жатыр, ой хой!
Жақсысын жатқа бермес қайран қазақ!





Пікір жазу