21.09.2021
  240


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Жаз өтті...


Жаз өтті...
Тағы да бір өмір өтті,
Мұң басты мұнар-мұнар төңіректі.
Ызалы оқ жыландай ызғар шашып,
Суық жел сұр жебесін мөңіретті.

Құс кетті айдын көлден сүмбіл қанат,
Тұнжырап ашпай ару күн бір қабақ.
Жабығып жалғыз өзім салқын бақта,
Жаураған жапыраққа тұрмын қарап.

Қайтейін, қалтыраған қамкөңілді,
Құлазып санам саққа сан бөлінді.
Жалғанның жаратылған заңы солай,
Жазбаған тіршілікке мәңгі өмірді.

Жұтаған жел жұлмалап құба талдай,
Мұздады бойым күннен қуат алмай.
Қиналдым жүрегінен шық тамшылап,
Жылаған ақ қайыңды жұбата алмай.

Сұрланып көкжиекке бұлты сіңген,
Аспанның жылуы жоқ үрпі ісінген.
Сағынған сәуірдегі салтанатын,
Сарғайған бақтың мұңын кім түсінген?!

Ұқтым да ойға шомдым көп қынжылып,
Көзімді бір сәт азап шектім жұмып.
Қалдырып күрең баққа жан сырымды,
Жолменен жалғызаяқ кеттім жүріп.

Қия алмай ерте қайтқан қаздың үнін,
Жаныма жақын тұттым сазды мұңын.
Жылдарым жапырақтай тонап жатыр,
Жалт еткен жастық шақтың аз ғұмырын.





Пікір жазу