21.09.2021
  441


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Махаббат лирикасы

Махаббат лирикасынан бір өлең қабыл алыңыздар!

Қарғам, неткен сұлу ең талмүсінді,
Көргенде көңіл толқып, жан қысылды.
Жаралған сенің нәзік​ бейнең үшін,
Жаратқан Аллаға айттым алғысымды.

Өзіңде түр де көркем, тіл де көркем,
Өзекке оттай лаулап кірген өрт ең.
Еркелеп күлген кезің күнменен тең,
Майысып жүрген кезің гүлменен тең.

Япырай, бәрін берген саған қандай,
Жаутаңдап қарай бердім жанарды алмай.
Алаулап ақ жүзіңнен нұр тамады
Аққу құс айдын көлде таранғандай.

Жамалың​ болар ма еді ұлпа мұндай,
Тамсандым тарыдай бір мін табылмай.
Мұнарын аспанымның шайдай аштың,
Жүргенде жүрегімнен бұлт арылмай.

Даламның елігіндей еркіндігің,
Санамнан сені көріп серпілді мұң.
Шоғындай самауырдың қоздап жатқан,
Түсінер кеудемдегі дертімді кім?

Кіршіксіз кір шалмаған пәк қылығың,
Жанымды әлдилейді тәттілігің.
Алқызыл ерініңнен гүл төгіліп,
Шіркін-ай, керемет қой шат күлуің.

Мөлдіреп көздеріңе тұнса күміс,
Кетеді сезім балқып, жұмсарып іш.
Боялар бар дүние ғажап түске,
Оянар кеудемдегі мың сағыныш.

Білмеймін сенсіз қалай өткен уақыт,
Шалқыдым төгілгендей көктен жақұт.
Баянсыз мынау жалған тіршілікте,
Қаяусыз сені сүйген неткен бақыт!





Пікір жазу