21.09.2021
  243


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Сәуір айым...

Сәуір айы - қазақтың тәуір айы
Мұқағали Мақатаев

Сәуір айым...

Сәуір айым, келдің бе, тәуір айым,
Сілкінеді сірескен кәрі қайың.
Өмірімнен өш енді мұнар мұңым,
Көңілімнен көш енді, сарыуайым!

Тәңірімнен сұрайын мың бір тілек,
Сезімімнен сейілсін тұнжыр түнек.
Қырда басын көтерсін гүл дүркіреп,
Көкте жасын ойнатсын күн күркіреп!

Көктем жырын көк нөсер шертіп өтсін,
Жұпар аңқып, жел соғып, жер түлетсін!
Көшкен бұлттың соңынан буға айналып,
Кең даламның деміккен дерті кетсін!

Күн-әженің айналып сәнді ұршығы,
Жамырасын жазды аңсап тал бүршігі.
Кесапат пен кеселді шайып өтсін,
Арнасында алқынған қардың суы.

Аспанымда түн менен теңелсе күн,
Кемелденіп кешікмей кел, еңселім!
Шуағыңа шомылып тарқасын бір,
Көкіректе байланған шемен-шерім.

Көкжиектен көрсетсе күн құлағын,
Сыңғырласын шаттанып мың бұлағым.
Тауларымнан естиін ұлар үнін,
Бауларымнан тыңдайын бұлбұл әнін.

Қоңыр салқын есетін сәуір айым,
Дәру сыйлар жүрекке дәрі дәйім.
Самалыңмен тазартшы сардаламды,
Сандалайын мін таппай тарыдайын!
 





Пікір жазу