21.09.2021
321
СӘЛЕМ
Сөзін жазған Серікзат Дүйсенғазы
Әнін жазған Мәлік Жаппасбаев
Туған өлке - айбынды асқақ елім,
Сенен қымбат жерім жоқ басқа менің.
Балалығым балауса өткен далам,
Перзентіңнің қабыл ал ақ сәлемін!
Қайырмасы:
Сәлем саған, туған ел, асыл далам,
Қасиетті тауың мен тасың маған.
Сағыныштың тербетіп айдынында,
Сыр шертеді сағымды ғасырлардан.
Сенде өткіздім сәулелі бал күнімді,
Шуағыңа шомылып жан жылынды.
Жұпарына ауаңның кеудем толып,
Кешіп өткен кездер-ай шалғыныңды.
Туған елім - таусылмас бақ-ырысым,
Тағдырымның солмайтын тамырысың.
Алыс кетсем өзіңді еске аламын,
Саған деген басылмай сағынышым.