21.09.2021
  170


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Арман



Қасіреттен арылып мың сан ауыр,
Құбылаға бет-жүзін бұрса дәуір.
Құлқынқұмар қулардан құтылсақ қой,
Алтынының орнына құм санағыр!

Құтылсақ қой меңіреу мешкей сордан,
Қазынасын халықтың теспей сорған
Күні-түні тырбанған елге обал-ақ,
Үмітінің гүлдері өспей солған.

Парақор да, жемқор да іргеңде жүр,
Хақысын жеп кедейдің- күн көрмегір!
Жұмыр жердің байлығын жұтса-дағы
Жұмырына жұқ болмай жүрген жемір.

Түйе жұтса толмайтын жемсау қандай,
Жанарынан момынның шер сауғандай.
Әлекедей жаланар таққа отырса,
Әкесінің малынан енші алғандай.

Қараулығы сындырып жұрттың сағын,
Құнығады тесердей құрт құрсағын.
Ақша көрсе аранын ашып тастап,
Жыбырлатып отырар жұтқыншағын.

Қанағатсыз, қайырсыз, сол бір пасық,
Күпінеді байлыққа көлгір тасып.
Тояты жоқ құзғындай тойымсыздар,
Той жасап жүр аспаннан доллар шашып.

Қойға шапқан қасқырдай қасқайған кіл,
Қаскүнемдік ойы іске аспай қалғыр!
Жемқорлардан қоғамды тазартсақ қой,
Жегендері желім боп тасқа айналғыр!

Серікзат Дүйсенғазы
21.02.2021





Пікір жазу