Шүлдір
Билік те, мінбедегі би де шүлдір,
Басатын мемлекеттің түймесін кіл.
Кең байтақ аспан мен жер арасында,
Қайран тіл сорлы жетім күй кешіп жүр.
Ел жегіш бағылан да, бай да шүлдір,
Ойлайтын өз басының пайдасын құр.
Парықсыз тіл білмейтін мәңгүрт ұрпақ,
Парамен жайлы орынға жайғасып жүр.
Бала да, шалақазақ шал да шүлдір,
Алқымнан буындырып шалма шылбыр.
Жерініп өз қағынан ойсыз қауым
Қарадай.ақылынан алжасып жүр.
Қосылса қыз да шүлдір, ұл да шүлдір,
Қазаққа болды-ау сірә, мұң ғасыр бұл.
Санасын жастарымның улап бітті
Қанға емес, қара судай құмға сіңгір!
Көбейді ұлтқа дұшпан ұлтан құлың,
Есерсоқ есек тартып тұлпар жүгін.
Ентігіп екі өкпесін қолына алды-ау,
Екпесі табылмаған тіл-тағдырым.
Бұл қазақ кімнен енді қылар күмән?
Бір арсыз үстем тұрса мың арлыдан.
Тілімнің тағдырымен ойнап жүрсе,
Ішмерез іштен шыққан шұбар жылан.
Құлдықтан басшы қайда құлқыны ада,
Халқымның іші уайым, сырты нала!
Ұшынған өз тілінен улы ұрпақты,
Ұшықтап жазып алар күн туа ма?!
22.05.2021 ж.