21.09.2021
  175


Автор: Серікзат Дүйсенғазин

Қызылтас

Қасқайған қарқарадай Қызылтасым,
Жүректің оятушы ең жүз ынтасын.
Есіме түскен сайын кеудемдегі,
Сырнайын сағыныштың сызылтасың.


Талдырған құс қанатын құз ең биік,
Сөз жетпес суретіңді тізер жиып.
Сайыңнан сая тапқан тіршіліктің,
Көзіндей ойнайды арқар, күзен, киік.


Төсіңде мыңғырған мал шұрқырасқан.
Сүмеңдеп қарсақ жортып, түлкі қашқан,
Кіндігін күннің нұры өзі кесіп,
Түндігін көк аспанның сілкіп ашқан.


Төбеңнен түнергенде төніп келіп.
Көз жасын жіберетін төгіп, төгіп.
Көркіңе ғашық болған шағырмақ бұлт,
Кенеттен көлге айналған көбіктеніп.


Жануар, жәндігіңді масайратып,
Жапырақ мөлдір шықтан жасайды ақық.
Табанда жылжып аққан күміс өзен,
Тасиды арнасында тас ойнатып.


Тау едің тұрғызғандай тастан қалап,
Бастайтын баспалдақтай аспанға нақ.
Түксиген түннің өзін елжіретіп,
Жымыңдап жұлдыз бен ай ашқан қабақ.


Бұтаң мен бүргеніңді жел аймалап,
Ататын әрбір таңың арайлап ақ.
Табиғат тарту еткен кереметке,
Таппайсың айтарыңды қалай мадақ.


Тарихтан тамыр тартып, қанға сіңген,
Кешегі өткен күннің таңбасы іргең.
Жатырсың жалғастырып бүгінгіні
Бабалар байыз тапқан сан ғасырмен.





Пікір жазу