Сөз соңы
Ұлы Отан соғысының аса бір қиын-қыстау кезеңінде, атап айтқанда, 1942 жылы еліміздің жауынгерлері мен еңбекшілерінің әсіресе бұлардың ізбасарлары — өскелең жас буындарының өн бойында опасыз жауға ызбарлы ашу кек сезімін лаулатып, онымен аяусыз күресуге ұмтылдырған қазақ жазушылары мен журналистерінің шығармалары арасында қалың бұқараның назарын ерекше аударған Баубек Бұлқышевтың «Комсомольская правда» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жариялаған публицистикалық мақалалары болды. Бұл жәйт қазір баршамызға аян.
Талапты жас қаламгердің «Комсомольская правда» газетінің 1942—1943 жылғы сандарында жарық көрген терең ойлы туындылары кезінде Мұхтар Омарханұлы Әуезовті де толғантып, жүрегіне жылы ұялаған екен. Бұл жөнінде асыл ағамыз Асқар Тоқмағамбетов былай дейді: «Отан соғысының отты жылдарында біз Алматыда Калинин көшесіндегі бесінші үйде тұратынбыз. Мұнда Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев та тұрды. Соғыста не жаналық болып жатқанын бірімізден біріміз біліп отырамыз.
Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:
— Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың «Мен өмір сүргім келеді » деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.
Оның өзі бір ете талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой өрісі ете терең жатыр... Маған қатты ұнады. Көзіме жас алдым, көңілімді босатты».
Баубек Бұлқышев туған еліне соғыстан қайтып оралмады, 1944 жылы февраль айының 3 күні Украинаны жаудан азат ету үшін қиян-кескі бір шайқас кезінде ерлікпен қаза тапты.
Оқырмандарға ұсынылып отырған жаңа жинақта марқұмның барлық, дерлік шығармаларына, хаттарына жеке-жеке анықтамалар берілгендіктен біз мұнда соларды қайталап жатпай, ең алдымен оның бұрын-соңды жарық көрген жинақтары туралы айта кетуді жөн көреміз.
Оның ең алғашқы «Заман біздікі» деген кітабы 1943 жылдың февралінде «Неміс оккупанттарына өлім келсін! Қызыл әскер кітапханасы» деген айдармен жарық көрді. Оны құрастырған және редакциялаған Ғабит Мүсірепов болатын. Бұған Баубектің «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» атты публицистикалық мақалалары енген. (Көлемі 1,2 баспа табақ, тиражы 10 мың дана).
Алғашқы жинағымен аттас екінші кітабы 1948 жылы жарық керді. Қазақтың біріккен мемлекет баспасы шығарған, көлемі 3 баспа табақ, тиражы 10 мың дана. Онда құрастырған М. Иманжанов, қара сөздерін орысшадан аударған Ғ. Мүсірепов, редакторы Ғ. Мүсірепов деп көрсетілген. Бүл кітапша екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Баубектің әр кезде жазған 22 өлеңі, екінші бөлімге жоғарыда аталған прозалық шығармаларымен қатар жаңадан «Жауыздық пен махаббат» атты публицистикалық очеркі жарияланған.
Баубек шығармаларының үшінші жинағы «Өшпес өмір» деп аталыпты. Оны 1965 жылы «Жазушы» баспасы жарыққа шығарған. Құрастырған Дихан Әбілев, редакторы М. Сүндетов, көлемі 5,91 баспа табақ, тиражы 12 мың дана. Мұнда автордың тек прозалық шығармалары жарияланған. Жоғарыда аталған публицистикалық мақала очерктеріне қоса, алғаш рет «Алматы — қалам менің» атты аяқталмай қалған романы басылған.
Ғабит ағамыз осы жинақтағы «Екі ауыз сез» атты шағын кіріспесінде былай деп жазды:
«Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары» журналында (газетінде С.А.) басылып жүргендіктен үлкендердің назарын тарта қоймаған еді. Әр құралдың өткірлігін, әр күштің шама-шарқын аяусыз сынар кезеңде жас талант серпіле сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл Совет елінің құлағына 25 жыл бірге бір бағытта өсіп-өнген кеп ұлтты айнымас достығының үніндей естілді.
Баубек: «Заман біздікі», — дейді. Баубек майдандағы казак, жастарының атынан сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз, мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне де, күшіне де еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман жастардікі екені даусыз ғой. Бірақ, қандай жастардікі? Желбуаз; даурықпа жастардікі емес, Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де, өнегелі жастардікі.
Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір елеулі, ерекше бір мағыналы мәселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де әбден қақысы бар...»
Баубек шығармаларының төртінші жинағы «Адамзатқа хат» деген атпен «Жалын» баспасынан 1977 жылы жарық көрді. Оны құрастырғандар филология ғылымдарының кандидаттары Рахметолла Ыдырысов пен Рәзия Рүстембекова Иманжанова, редакторы Д. Исабеков, көлемі 11 баспа табақ, тиражы 35 мың дана. Мұнда жоғарыда аталған 1948 жылы шыққан жинаққа енген өлеңдер және прозалық шығармалары, кезінде «Лениншіл жас», «Октябрь балалары», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған 11 өлеңі, бес мақала-очеркі, екі аударма өлеңі, «Айсұлу» поэмасынан үзінді басылған.
Міне, Баубек шығармаларының жоғарыда аталған жинақтары бірден-бірге кітап жүзін көрмеген туындыларымен толықтырылып, көлемі мен тиражы өсе түскен.
Рас, басты мәселе аталған жинақтардың көлемінде, тиражында емес, солардың мазмұны мен шығарылу сапасында ғой. Бұл тарапта біз ең алдымен солардың дер кезінде жарық көруі, Баубек Бұлқышевтың соңында қалған творчестволық мұрасын жас буындарға жеткізуде, бұларды советтік патриотизм, интернационализм рухында тәрбиелеуде қосылған келелі үлес болғанын ерекше атап өткіміз келеді.
1943 жылы шыққан алғашқы жинақтың барлық тиражы майданға, жаумен жағаласқан жауынгерлерге жіберілгендіктен, тылдағы оқырмандардың, әдебиетшілер мен журналистердің көзіне ілінбей қалды. Міне, сондықтан да болар, тек 1948 жылы екінші жинағы дүниеге келген соң ғана республикамыздың мерзімді баспасөздерінде өмірден ерте кеткен жас таланттың творчестволық, еңбектеріне алғашқы терең саралаулар жасалған мазмұнды рецензиялар жариялана бастады. Осыған орай Баубек Бұлқышев 1940 жылдың Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін онымен жақын араласқан сол кездегі туындыларының қалайша жазылып, жарыққа шыққанын, творчестволық өсіп-өркендеуінің тікелей куәсі болған республикамыздың белгілі әдеби сыншысы, байырғы журналисі Сейділда Төлешов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылдың 19 июліндегі санында Баубектің жинағына ең бірінші рецензия жариялады. Сонан кейбір үзінділер келтіре кеткеніміз жөн:
«Баубек бұл жинағын көре алмай кетті. Оның арманы өмір сүру, туған елінің адал ұлы болу, еңбек ету, оның жемісін көру еді. Осындай тәтті қиялдың құшағында жүргенде, Ұлы Отанымызды жаудан қорғау жорықтарында ерлік істер көрсетіп жүргенде жау оғынан қаза тапты.
Ол мүлде аз өмір сүрді. Ол үнемі өмір сүру, еңбек ету жайын айтушы еді. Өмір берген заманын қызыға жырлайтын еді... В. Г. Белинский: «Ақын тамаша, сүйкімді жанға ғашық болғандай идеяға ғашық болады, соған жан-тәнімен құмартады», — деген. Нағыз ақындарда болатын осы күш, құмарлық, қуат, идеяға ғашықтық Баубек өлеңдерінің, әсіресе қара сөздерінің үзілмес желісі болып айқын сезіліп тұрады... «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» сияқты өткір шығармаларында ақынның нағыз патриоттық көзқарасы, совет жасының жігері мен қайраты, намысы, өмірді сүйе білген кіршіксіз таза ниеті терең оймен көркей суреттелген...»
Енді, қазақтың Журналистер одағы құрылған шақта қаламгерлеріміздің съезі қарсаңында «Казахстанская правда» газетінің 1959 жылғы 4 марттағы санында жарияланған, сол кезде әдебиетімізде жаңа ғана көріне бастаған, қазір белгілі жазушымыз Әнуар Әлімжановтың Баубектің өмірін және творчестволық жолын жете де дұрыс бағалауға ұтымды бағыт берген «Жизнь принадлежит нам!» атты мақаласына тоқталайық:
«...Баубектің шығармалары тартымдылығын, идеялық және көркемдік күшін жойған жоқ. Оның өлеңдері мен очерктері тамаша қазақ совет журналисі Саттар Ерубаевтың шығармалары сияқты жалынды, темперамент терең ұшқырлық, құштарлық пен жастыққа, өткір ой-пікірге толы. Саттар Ерубаев қайтыс болған соң, екі жылдан кейін қазақ журналистикасына келген Баубек Бұлқышев оның журналистік қызметіндегі ең жақсы жақтарын бойына сіңіріп, шеберлігін өзіне үлгі етті. Ол Саттар сияқты жаңа өмір үшін белсенді күрескер, өткір публицист балды. Саттар да, Баубек те реалист журналистер...»
50-жылдардыц екінші жартысынан бастап 80-жылдарға дейін бұлардан басқа да, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Баубек Бұлқышевтың өмір жолы мен творчествосын тереңірек түсінуге, үлгі етуге, сондай-ақ жарық көрген жинақтарының мазмұнын, өрісін тани біле түсуге мүмкіндік берген, оқырмандардың қалың бұқарасының, әдебиетшілер мен тарихшылардың назарын ерекше аударған бірқатар рецензия, мақала, зерттеулер жарық көрді. Солардың әсерінен республикамыздың жоғарғы оқу орындарын бітірген жүзден аса түлектері талантты ағасының өмір жолы, творчествосы туралы дипломдық жұмыстар жазды, қорғады. Кейіннен солардың бір тобы ізденіс жемістерін кандидаттық, докторлық ғылыми-зерттеу еңбектеріне өзек етті. Осы арада Баубек шығармаларының алғашқы жинақтары шетелдерде тұратын қазақ жастарына да жетіп, бұлардың да ойында, жүрегінде туған еліне деген патриоттық сезім тудырғанын айта кеткен жөн. Бұл жөнінде Баубектің екінші жинағы басылып шыққан уақытта Қытай Халық Республикасының Шыңжан аймағында тұрған, ал қазір СССР Жазушылар одағының мүшесі Құрманбай Толыбаевтың бізге 1976 жылы жазып берген естелігінен бірер сез:
«Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан 28 жыл бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы Құлжа қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін...
Бұл Ленин Комсомолының 30 жылдық мерекесі қарсаңында шыққан Баубек Бұлқышевтың кітапшасы еді. Өлеңдері мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе салысымен оқуға кірістім. Ә дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тәтті шұрайлылығы. Ой тереңдігі маған түпсіз мұхиттай боп көрінді. Тамсана берем... Тілдің шырыны, ойдың терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті...»
Баубек Бұлқышевтың Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң қолымызға тиіп, оқыған осы екінші жинағы бәрімізді де толғандырды. Себебі мұнда бірсыпыра жинақталып, жарияланған өлеңдері қиян-кескі ауыр күндерде оның жүрегінен туып, бүкіл совет халқына жеткен жалынды сөздері баяғыдан қалыптасқан совет патриотының ар-ұжданы екенін түсінуге мүмкіншілік берді.
Өкінішке орай, осының бәрі қазақ оқырмандарының ғана үлесіне тиді. Таң қаларлық жайт—мақтанышымыз Баубектің бүгінгі күнге дейін бүкіл совет халқына ортақ орыс тілінде бірде-бір жинағы жарық көрмегені қынжылтады. Бір-екі де болса туындысы астанамыз Москвада 1946 жылы шыққан бір жинақта бүкіл совет оқырмандары қауымына ұсынылды.Бірақ, бұл тиражы ете аз дүние болды да, көпшіліктің қолына тимей қалды.
Баубек шығармаларының жаңа жинағын құрастыру барысында, бұдан бұрынғы жинақтарда ішінара қателіктер, олқылықтар жіберілгенін байқадық.
Мәселен, осыған дейінгі жинақтарда Баубек Бұлқышевтың өмірбаяны, осыған байланысты шынайы творчествосы туралы анықтама берілмеген. Сондай-ақ, енді ғана белгілі болғандай ата-анасынан ерте айрылып жетім қалса да, совет өкіметінің қамқорлығына бөленгендігін, таптық, күресте өсіп-жетілгендігін, таптық күрестің не екенін жақсы білгендігін айқын көрсеткен кейбір өлең прозалық жолдары сызылып қалған.
Қайсыбір журналист ақын-жазушы болмасын, өздерінің мақаласын, өлеңін, тағы басқа көркем шығармаларын өмір сүрген күніне, айына, жылына, сол сәттегі тарихи оқиғаға, болмысқа сай жазатыны, ал шығармалары солардың өмір жолының, творчествосының айнасы екенін еске алсақ, Б. Бұлқышевтың ұсынылып отырған осы жинағына дейін жарық, көрген шығармаларының басым көпшілігінің қай жерде жазылып, жарық көргені туралы ауытқушылықтар бар.
Осы еңбекті жарыққа шығаруда бұрынғы кеткен кейбір олқылықтардың орнын толтыруға тырыстық. Әлбетте, жаңа жинақта да кемшіліктер, олқылықтар болуы мүмкін. Құрастырушы да, «Жалын» баспасы да оқырмандар қауымынан, сол жөнінде өз пікірлерін, ұсыныстарын білдіруді өтінеді. Осыған орай, Отан үшін опат болған асыл ағамыз Баубек Бұлқышевтың хаттарынан ең жақын жора-жолдастарының естеліктерінен белгілі болғандай «Алматыдан ауылға», «Алтын сағат» атты және басқа бірқатар өте бағалы еңбектері бүгінгі күнге дейін табылмай жатқандығын ескерте отырып, соларды іздестіре жүруге шақырамыз.
Баубек Бұлқышевтың жаңа жинағы «Жалын» баспасы қызметкерлерінің ойластыра, ұйымдастыра білуінің және Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің нақты көмегі нәтижесінде дүниеге келіп отырғанын айту парыз.
Сейілхан Асқаров, СССР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты