Түркістан топырағы
1
Арнайы шар тараптан Түркістан деп,
Түркістан тарихымда түп нұсқам деп
Киелі топыраққа тағзым еткен
Ғасырлар бойы адамдар тұс-тұстан кеп.
Барласаң Түркістанның тарихы мол.
Тегі деп ел қазақтың танитын сол.
Жібек де, қара, ақ та жатыр сайрап
Парасат адамзатқа тарайтын жол.
Атанып қасиетті кіші Мекке
Мейірім нұрын құйды әр жүрекке.
Жалғыз дән топырағында қаулап өніп,
Жайылды ізгілік боп төңірекке.
Ахмет Иассауи бағбаны
Халықтың шын әулие танығаны
Дэн аты мұсылмандық ұрығы екен
Пайғамбар мирас еткен арыдағы.
Мәнісі мұсылмандық — қайрымдылық
Дүниені тану тектен қайырын біліп.
Бақ пен тақ, баяны жоқ байлық бақпау,
Әрекет ету істі айырып, ұғып.
Күмбезін күн көмкерген мазарынан
Аймаққа нұр тараған ажарынан
Кем-кетік, қаріп-қасер ризық алған
Сөнбейтін оты мәңгі қазанынан.
Ұлы ма, түркі нәсіл ғұлама ма,
Дүниеге әмір еккен ұлы ана ма!
Із жатыр зиярат еткен ұлылықтың
Төркіні танылмайша тұра ала ма!
Мәңгі деп сеніп пе екен жалғанға адам,
Бар ма өмір ол дүниемен жалғанбаған!
Бабалар «бақи көшкен сапарымда
Болса орным Түркістан» деп армандаған.
Жәнібек осында екен Абылай хан,
Жандар жоқ мұнда атақпен дабырайған...
Қазыбек қаз дауысты жерленіпті
Нәсіл сөз саралаған лағыл ойдан.
Осылай Түркістанның топырағы,
Сыры мол көкірегіңе тоқыр әлі.
Бабалар қияметтің құзарынан
Бірлікке, берекеге шақырады.
2
Бүгін де әр қиырдан Түркістан деп,
Қара да, ақ, сары да тұс-тұстан кеп
Құйылып, бірі ізет етсе иіліп
Біреулер міңгірлейді Шыңғысхан деп...
Иә бұл Шыңғыс, Темір майдан небір
Төрі еткен киелі емес жәйдан өңір.
Тақ пен даңқ менменсінген тізе бүгіп,
Ұмытқан келгендігін қайдан өңір.
Иә бұл сан майданды көрген өңір
Намысын қорғап өсіп-өнген өңір
Түсіріп сабасына Темірді де
Көңіліне тауфих егіп берген өңір.
Көз жібер қата десең Отырарға
Сөйлеп тұр ол бойында оты барға...
Ел қазақ елдігімді айтар бір деп
Келеді жас Шоқанын тосып алда.
Беу дүние-ай елге, жерге егеміз де,
Есті де, сесті де бар... неге бізге
Демейміз көз алартып келімсектер,
Әр тұстан қамшы үйірмек төбемізде...
Өмірде әділетке қырын істер
Көп-ақ қой, адал қайсы мұны түстер!
Киелі ғимаратты тиын төлеп
Тым құрыса таптамаса ібілістер.
Неге сонша ұсақталдың
Ар бетіне сызат салдың
Болайын деп тұрған нардың
Қадамын сен тұсап қалдың.
Жоқ нәрседен алалайсың.
Сезер-ау деп санамайсың.
Арамдықты өзің істеп,
Өзгелерді қаралайсың.
Неге сонша ұсақталдың
Татымсызды құшаққа алдың
Амал құрып, айла асырып
Қай биікке ұзап бардың?