21.09.2021
  123


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дүние-ай, ой жетпесті көз көреді

Дүние-ай, ой жетпесті көз көреді,
Кездейсоқ қиракезік кез келеді.
Жанында жақсы дос боп жүрген жандар
Қас болып аяқ асты өзгереді.
Қоғамға тәуелсіз боп өмір сүру
Болмайды, болған да емес керек ұғу...
Бастықты қой, бастыққа жақындарға
Жағынып та молайды қабақ құру.
Есіктен кіргенінде жарқын күліп,
Жүгіріп, таласа кеп пальтоңды іліп
Жүретін «кішіпейіл» кеше ғана
Өзгере қалды бүгін сүттей іріп.
Тұрады қоғам бүгін осылардан,
Ертеңге ұрпақ, үрдіс қосып алдан.
Өрбиді хамелеондар молайып,
Болады сонда қандай ғасыл арман.
Жұртым-ау, не боп барады мына заман
Ар, ұят, адамшылық тұралаған.
Билеген зымиян, сұм, залымдармен
Қоғам боп қалай ғана тұрады адам.
Қаймығып жүр қасымнан, қабағымнан,
Жайлы, жұмсақ, кел дейсің жабағыдан.
Түпсіз жылым, тұңғиық жұтармансың,
Май шелпек боп от дейсің тамағымнан.
Құлақкесті күңіндей кіжінесің,
Қаймықпаймын, ызадан бүлінесің.
Қауіптеніп, жағама тап бере ме
Іні ойлайсың сыздансам сақ келе ме,
Қауіп қарап өзгере қалатын — жұрт,
Құлын деген өзіңе ат бере ме?





Пікір жазу