20.09.2021
  176


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Нала

Торығып кеттім, қалқам,
Мұнымды түсінер кім!
Тұрсынхан жүрген тәрізді
Кірмейтін түсіне елдің
Өмірдің биігінде,
Даңқ, атақ иінінде
Кейіс жоқ қабағында,
Өзгеше күйі мүлде:
Бармайды литфондаға,
Алмайды қарыз сұрап,
Жанында жан жолдасы,
Жүрмейді жалғызсырап.
Қам ойлап жүгіретін
Шиеттей баласы жоқ.
Аяздай қысатұғын
Кәрі ата-анасы жоқ.
Ендеше Тұрсынханның
Жанының жарасы жоқ.
Көйлек көк, тамағы тоқ,
Басында наласы жоқ.
Тұр дейді алақанда
Тынысы жер үстінің.
Осының бәрі де рас,
Сырт көзге келістімін.
Тереңде еш адаммен
Бөліспес кейіс-мұңым...
Түзеуі қолдан келмес
Бар әттең кемістігім:
Тым адал жаралыппын,
Адамға сенгіш-ақпын
Сенгеннің арамдығын,
Лезде сезгіш-ақпын.
Сезгенімді ашық айтам,
Бетіне басып айтам,
Ол ертең қастық етер,
Жау болып мәңгі кетер,
Қапымды табар дағы,
Қақпанын құрар деген
Есептен асып айтам.
Бір тұрып, бірде құлап,
Қуантып, біреуге ұнап,
Біреуді кіжіндіріп...
Бәріне жүрмін шыдап
Осымен күн зымырап
Барады өмір ұзап,
Қаламын кім біледі,
Қай күні мәңгі құлап!
Көктөбені етіп тұрақ.
Күштіні көлгірсіп, алдап.
Күшсізге батырып бармақ.
Келесің бәрін де қармап,
Кезің жоқ, бос шыққан қармақ.
Осынау жәйіңді өзін
Жүресін ісіңмен жарлап.
Бір сұрақ!
Ойың жоқ па бір
Өзіңді ақтара талдап,
Арыңның алдына бармақ?
Жебеушің жебеп,
Қуатты қолдар
Жан-жақтан демеп,
Баянсыз баққа
Оп-оңай шомдың.
Қиынын қайттың
Түсетін жолдың?





Пікір жазу