20.09.2021
  194


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Бас тартайық атомнан

Талықсыды, талды әбден ел ана,
Қинады дер болсаңыздар не ғана:
Жөргегінде үзілер ме жұлыны
Дүниеге келмей жатып «Невада!»
Үміт артып, арман құсын халық боп,
Ұшырғаны кеше әлемге анық боп...
Қызыр болып жет дегенбіз көмекке
Мәңгі сөнбей маздайтұғын жарық боп.
Балта ұрған кім осы ақ тілекке?
Қайта қамар болған түпсіз түнекке?
Қансыратып халықтың хас арманын,
Қанжар салған кім жаралы жүрекке!
Ел боп сенген, ҚЫЗЫЛ ЖАҒА, ағайын,
Ар алдында жүгініске бағайын.
Кім берді айт,
кімнен келген жарлық бұл?
Жарылыстан жан ұшырды маңайын.
Жетпеді ме мынау халық шеккен зар?
Екі сөйлеу әдет болып кеткен бе ар!
Ядролық молайтпайық қаруды, —
Деп кеше біз салмап па едік елге жар! 
Heгe бүгін қайттық осы ниеттен?
Өмір берген қай құдай?
Қай би өктем?
Қорлау, ойнау тағдырымен халықтың
Етті езіп, өтіп болды сүйектен!
Айт халыққа!
Шықпай қалды неге үнің?
Түп төркінін аш, жарылыс тегінің! .
Ай аман, күн орнында тұрғанда,
Неге кием ХИРОСИМА кебінін!
Дәл он бес жыл жүрген ашық жарылыс,
Деген сөз бе мынау удан қанып іш!
Невада ашып бермегенде білмес те ек,
Неге өткердің бар зиянын танып іс?
Естігенде жұрт ұстады жағасын,
Жел бағытын бақылайсың, бағасың...
Көпке қанық осынау бір жат сырдан
Ақталасың, кәне қалай танасын?
Екі-үш айға жібермедің арасын,
Қайта жардың тырнап халық жарасын.
Невада ашып бермегенде, білмес те ек
Бой көтерген Курчатовтың қаласын!
Бейбіт күнді фашизммен күресте
Жеңіп алған кешегі ауыр күн есте.
Берлинді алып қайтқан абзал азамат,
Ақ қан болып көз жұмды, алды кім еске
Ар алдына кел!
Халыққа барды ақтар!
Қашанғы жұрт шеге бермек бейбақ хал?
Он екіде бір гүлі бүр ашпастан,
Неге өлімге қиды өзін боздақтар?
Жылау керек неге жесір қалып жар?
Жылау керек неге ана қағып зар?
Сәуле тиіп, жарымжан боп жас сәби,
Қиналғанын көтереді неғып ар?
Тозған бездей Деңгелеңнің бауыры,
Тұнжыраулы ұлы Абай ауылы.
Сері бөкен, кербез киік қалмаған,
Құлазыған қарт Шыңғыстың сауыры.
«Сарыөзек» жатыр ол бір бүйірде,
Сыры жұмбақ айналып зәр түйінге.
Еуропа асып кеп ракета қабығын
Жою керек неге Алматы түбінде?!
Балқаш пенен Арал анау айдыны
Семіп елге қоса түскен қайғыны,
Кім ойлайды?
Кім ойлайды, жарандар,
Жер шеңберден шығып кетер қай күні?!
Ай аман, күн есенінде осынау
Жау жеттілеп... Қайсы, кәне, тосын жау?
Сынақпенен қоса сынап төзімін
Керек болар қалың жұртты басынбау!
Бізге де аян Отан деген не екені,
Тағдыры оның халықпен бір бөтені
Болмайды әсте, бірге соққан жүрегі
Қазақ жері жүз ұлттың мекені!
Сөйлеп тұрмын мен сол халық атынан,
Бүкіл Әлем, бас тартайық атомнан!
Қауіпсіз жол тауып Отан қорғайық
Ілгері бас, «Невада — Семей», батылдан!





Пікір жазу