20.09.2021
  135


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дүние кең, аяулым, бұлғақта да

Дүние кең, аяулым, бұлғақта да,
Жүр осылай өлеңмен сыр бапта да.
Ақынның тек спортшы емесін ұқ,
Кейін қарай өзгені шынтақтама.
Көзге көлгір тақуа болғансыма,
Тағдыр талқы тартады жалғаншыға.
Дүние ісі кетпейді ақиретке
Өкінесің келгенде алдан шыға.
Бар кінәні аударма арамға құр
Тізгініңді бір мезет адалға бұр.
Бірге мыңды қосақтап құрбан етпе,
Айналаңда жаны пәк адамдар жүр.
Көз жіберсең көрерсің маңайыңа,
Биік тұрар адалдық талайы да.
Ар алдына ақжарқын бару үшін
Үңілгейсің өз ішкі сарайыңа.





Пікір жазу