20.09.2021
150
Тайталас
Күні жоқ мені тағдыр жылатпаған,
Азсынсаң, Алатауды құлат маған.
Жарыла жаздап жүрсің келісе алмай
Қадамымменен алға бір аттаған.
Күні жоқ мені тағдыр жылатпаған,
Азсынсаң, қара аспанды құлат маған.
Басыма сен орнатқан қара түнде
Арымнан аппақ адал шырақ жағам.
Күні жоқ мені тағдыр жылатпаған,
Азсынсаң, көктен жасын құлат маған.
Басыма сен төңкерген қара таудың
Асты емес, нақ шыңынан тұрақ табам.
Мен шықсам, шықтым алға еңбегіммен,
Сен шықтың шың басына жеп-жеңілмен.
Әккісің осыменен көзің шыққан,
Алаяқ атамаған ел тегіннен.
Тайталас тағдыр Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы