Уақыт құзыры
О, құдіретті уақыт,
Саған тең бар ма.
Секірген кеше
Лақтай жарға,
Құлақтан басып,
Асауды алға
Келтірген жасты,
Аймағы нарға,
Балаған күшті
Құзырың сенің,
Түсірді бүгін
Бейдауа халға.
Алдымен салдың
Көңілге сынық,
Кежір кейіске
Бермеген ырық.
Жалауын жастық
Қойдың ысырып.
Салқын бір саққа
Жүрегін бұрып.
Мұнан соң түсті
Маңдайға сызық
Ақ жүзін айдай
Айғыздап, бұзып.
Айран ғып қойдың
Тұнық көздерді,
Жанардан шоқты
Алдын да үзіп.
Тізілген меруерт
Отыз тіс маржан,
Кеткен соң,
Иек
Кемиіп
Жардан
Айнымай қапты
Сөйлесе ерін
Икемге келмей
Сөз сынын алған.
Төл қара сүмбіл
Шаш тұзға малған
Тәрізді бейне
Қаракөк сеңсең.
Сындардай бойдың
Қаңқасы қалған
Арылған еттен
Шөгіңкі еңсең.
Бойдағы қуат
Аулақтап баяу,
Бөлініп буын
Қалуға таяу
Тәрізді
Аттам жер
жүру жаяу,
Салады ойға
Не түрлі қаяу.
Осының бәрін
Әйгілеп, жарлап
Қояды әр кез
Қос тізе сарнап.
Тағысын-тағы
Қайтемін барлап,
Салмасаң болар
Ақылға қармақ.
Құзырың сөйтіп
Жүрмейтін бар ма?
Қадірін жастық
Тартасың алға,
Бұл да бір зауал
Амалын бар ма,
Тек етпе зағип
Өмірді жалға.